АҚШ-та «мықты полицей» атанған қазақ баласы жайында фильм түсірілді! Иәә, отандық тәртіп сақшыларына АҚШ-та «мықты полицей» атанған қазақ баласының қырағылығы қажет-ақ! Айтпақшы, америкалықтардың тыныштығын күзеткен Димаш Ниязов жайлы сөз қозғауым бекер емес. Мұхиттың арғы жағында қару ұстаған құқық қорғаушы қандасымыз хақында фильм жарыққа шығыпты.
АҚШ-тағы қандасымыз жайлы қысқа метрлі картинаның авторы әрі режиссері Қанат Бейсекеев! Оған, 13 жасында ата-анасымен бірге Америкаға аттанған Димаш жайлы фильмді таспалау идеясы, қазақ баласының АҚШ-та «үздік полицей» атанған сәтінде пайда болған. 11 минуттық кинотуындыда Ниязовтың өмір жолы, жұмыстағы жетістіктері мен спортқа деген қызығушылығы суреттеледі.
Димаш Ниязов – Америкалық полиция қызметкері: «Мен Шымкентте ата-әжемінің қолында өстім. Әке-шешем бұрыннан бері Америкада тұрады. Қазақстанда әкемнің бизнесі тоқырауға тап болған екен. Олар кәсібін дөңгелету мақсатында осы жерге қоныс аударған еді. Қазіргі таңда АҚШ-та жастарды боксқа баулып жүр және құрылыста жұмыс жасайды.» Димаш, Америкада кикбоксингтен жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанған. Бокс спортын бала кезден жанына серік еткен қандасымыздың Шымкенттегі алғашқы бапкері Нұрғали Сафиулиин. Бүгінде кәсіпқой бокста 63 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін ол, 10 кездесу өтізіп, барлығын жеңіспен аяқтапты.
Димаш Ниязов – Америкалық полиция қызметкері: «Менің олимпиада шыңын бағындыру арманым болды. Алайда, қос елдің азаматтығын қатар алғаным үшін, өз елімнің намысын қорғау мүмкіндігі болмады. Қазақстанда берілген құжатымды алған сәтте жүрегімді жұлып бергендей әсерде болдым. Бірақ, АҚШ азаматы болсамда, жүрегім қазақ деп соғады...» Бүгінде, Димаш Ниязов Нью-Йорк полициясы департаментінде (New York City Police Department) жұмыс істейді. Негізгі міндеті Бруклин ауданындағы патрульдік қызмет. Америкалықтардың тыныштығын күзеткен қазақ баласы бұл фильмде бақытты екенін айтады.