35 долларлық киім кигеніне Иванка Трамп еш қымсынбайтын көрінеді
08.06.2017
Скриптонит сұхбатымен жұртты шулатса, АҚШ президентінің қызы өзінің арзан көйлегімен-ақ ел аузына ілікті. 35 долларлық киім кигеніне Иванка Трамп еш қымсынбайтын көрінеді. Киімнің бағасына емес, талғаммен таңдалуына қарайтын нәзік жандылар аз емес... Нақты мысалдарды тілшіміз тізіп көрді.
Иванка Трамптың Ақ үйге лалагүл бейнеленген көйлек киіп келуі - талайдың таңдайын қақтырды. Бар мәселе ханымның образында емес, киімінің құнында болып отыр. Көйлек бағасы бастапқыда небәрі 35 долларды құраса, бүгінде ол 50 пайыз жеңілдікпен, яғни 5500 теңгеге саудалануда.
Дәулеті асып тұрса да, арзан киім таңдауда тайсалмайтындар көшін Селена Гомес жалғастырады. Сұлу бикеш концерттердің біріне 90 долларлық қара көйлекпен келіп, өзінің сәтті образымен баршаны таңқалдырған.
Ал, Кендалл Дженнер қымбат брендке қарағанда, масс-маркеттің киімдерін артық көретін сияқты. Мысалы, Met Gala 2014 шарасында модель қолжетімді бағаларымен ерекшеленген брендтің көйлегін киіп алып, қызыл кілемде еңсесін көтере, мақтанышпен өтті.
Актриса Джессика Честейннің де қарапайымдылықтан өзгелерден қалыс қалары жоқ. 2015 жылы өткен Vanity Fair Oscar Party-ге дайындалғанда, қымбат киім іздеп бас қатырмай, қолжетімді брендтің бірінің ақ-сұр түсті көйлегін таңдаған. Жәй көз тастаған жан сылқымның бұл кейпі кемінде 1000 долларды құрайды деп ойлағаны анық.
Британдық модель Джордан Даннға барлығы жарасады. Мұны іштей сезетін бикеш киімнің түр -түсіне ғана емес, бағасына да мүлде қарамайды. Мәселен, оның Met Gala кешіне киген арзандау сары түсті жібек көйлегі Джорданның ажарын одан сайын аша түскен.
Адам көркі-шүберек! Жұлдыздар көйлектерінің құны мен тартымдылығын таразыға салсаң бірі озып, енді бірі қалыспасы түсінікті. Дегенмен, әдемі киіну аз ғана ақша мен тиісті талғамның үйлесімінен де сәтті туатын дүние.