Миллиондаған қазақстандықтардың кумиріне айналған Джеки Чан елордамызға келді
07.06.2017
Миллиондаған қазақстандықтардың кумиріне айналған Джеки Чан елордамызға келді. Ол біздің ыстық ықыласымыз бен қонақжайлығымызға дән риза. «Экспо-2017» көрмесі аясында меймандатып келген актер Қытай киносы фестивалінің ашылуына қатысты.
Аты аңызға айналған Джеки Чан Қазақстанға түнделетіп ұшып келді. Елорданың әуежайында оны Астана әкімі Әсет Исекешевтің өзі қарсы алды. Құшағы гүлге толған Чан мырзаның қазақы қонақжайлыққа разы болғанын жүзінен-ақ аңғарасыз. Ұйымдастырушылардың айтуынша Джекиді елге келтіру үшін екі апта келіссөз жасалыпты.
Джеки Чан, актер
«Маған Қазақстан туралы көп айтты. Сіздердің әсем табиғаттарыңыз бен байлықтарыңыз туралы естідім. Бұған бүгін көзім жетті. Осы жақта кино түсіру идеясы да пайда болды.»
Джеки Чан 7-18 маусым аралығында Астанада өтетін Қазақстан-Қытай кинофестивалінің мәртебелі мейманы. Бұл шараға 63 жастағы актер алты толықметражды фильмімен қатар "Кунг-фу Йога" атты басты кинокартинасын ала келген. Гиннестің рекордтар кітабына еніп, Оскар еншілеп, түсірілім алаңында талай дүрбелеңді бастан кешкен ол қызықтарымен де бөлісті.
Джеки Чан, актер
«Түсірілім алаңында менің міндетім көп: Мен режиссер, продюсер, актер, қажет болса монтаждаймын да. Түсірілім болған жердің еденін жуа беремін. Мұның барлығы маған өмірді жан-жақты түсінуге үлкен көмегін тигізіп келеді.»
Қазақстан-Қытай кинофестивалінде Джеки мырза өзін тәнті еткен қазақ баласы Димаш Құдайбергенді де тілге тиек етті. Ол былтыр Димаштың қолынан шапан кигіп, өзі де естелікке күртеше сыйлаған еді.
Фестиваль қонақтары үшін Джеки Чанның көсіле ән салып, кейін оған Димаштың қосыла шырқауы үлкен сый болды.
Миллиондардың кумирі Джеки Чанның бұл Қазақстанға тұңғыш сапары. Енді «Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында елордалықтар біраз әлемдік жұлдыздардың төбесін көріп қалмақ.