Аргентинадан айласын асырған қазақстандық әртістер түркиялық әріптестеріне төтеп бере ала ма?
06.06.2017
Аргентинадан айласын асырған қазақстандық әртістер түркиялық әріптестеріне төтеп бере ала ма? Oтандық шоу-бизнес өкілдері ала доп теуіп жаһан жұлдыздарымен жарысып жатыр! Мәскеуде ұйымдастырылған әлем чемпионатында әртістерден құралған «Алатау» футбол командасының алғашқы ойыны сәтті басталды.
Ресей астанасында өтіп жатқан футбол бәсекесінде биыл 16 елдің командасы бақ сынауға ниет білдірген. Қазақстанның атынан аттанған «Алатау» ұжымы жеребе нәтижесі бойынша «С» тобында өнер көрсетеді. Яғни, Румыния, Түркия, Аргентина сынды алпауыт мемлекеттерден келген құрамалармен сайысқа түспек.
Иә, алғашқы кездесуді аргентиналық әртістермен өткізген отандастарымыз, аталмыш елдің өнерпаздарын ойсырата ұтқан болатын. Ойын нәтижесінде «Алатаулық» футболшылар 3:0 есебімен жеңіске жетіп, 91-ші нөмірдегі актер Қуаныш Керімқұлов Қазақстан командасына қуаныш сыйлады.
Аян Бірбаев, «Алатау» ФК ойыншысы:
«Алдыңғы жылы осы құраманы 7:0 есебімен ұтқан болатынбыз! Бірақ, осы жылы Аргентина кәдімгідей дайындалып келген, бірақ қиынға соқты ойын. Бірақ, қолымыздан келгенді салып, 3:0 есебімен жеңдік.»
«Алатаулық» аяқ доп шеберлерінің ендігі қарсыласы «Түркия» құрамасы! Қос команда бүгін Астана уақыты бойынша сағат 23:00-де жолдастық кездесу өткізбек.
Әділ Ахметов, «Алатау» ФК ойыншысы:
«Ал, құрметті қазақстандықтар, отандастар қайырлы кеш сіздерге! Біз қазір екінші ойынды ойнағалы отырмыз. Қазақстан уақытымен 23:00-де Қазақстан-Түркияны көріңіздер! Бізге жанкүйер болыңыздар!»
Айта кетейік, әртістер арасындағы «Арт-футбол» атты әлем чемпионатына қазақстандық құрама 2014-ші жылдан бастап қатысып келеді. Аталмыш дода жұлдыздардың алаңдағы ойынымен қатар, жарыс соңында әр команда өзінің жеке концертін ұсынатын музыкалық фестиваль.