Қызыңызға қытай жігіті құда түссе қалай қарайсыз?

Сообщить о проблеме с эфиром
Қызыңызға қытай жігіті құда түссе қалай қарайсыз? Немесе француздық азамат өмірлік жары болуға ұсыныс жасаған жағдайда қандай қадамға барасыз?! Иә, қоғамда соңғы кездері жиі талқыға түскен бұл тақырып, отандық киногерлерді де бей-жай қалдырмаған. Кез-келген ұлтжандыны терең ойға жетелейтін бұл тақырыпты Асқар Ұзабаев кезекті картинасының нысанасына алған. «5 причин» деп аталатын фильмнің идеясы осыдан жарты жыл бұрын туыпты. Асқар Ұзабаев – қоюшы режиссер: «Бірде өзге ұлттың жігіттеріне тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын азаматтығынан айыру керекті жайлы митингтің болғанын ғаламтордан көрдім. Бұл шын мәнісінде өте өзекті тақырып! Сондықтан, фильм таспалауды жөн деп шештік.» Романтикалық комедия жанрында түсіріліп жатқан фильмнің сценариі 3 айға жуық уақыт жазылған. Шығармашылық ұжымның, өзге ұлт өкілінің етегінен ұстап, шет елдік күйеу балалардың қосағы атанған қазақ қыздары мен олардың ет-жақындарына айтары бар! Сәбит Рахымбаев – сценарист: «Қытайдың жігіті қазақтың қыздарына тиіссе, кішкене намыс... намыс бар менде. Бірақ, енді олда адам ғой енді, сүйсе енді, ақшасына қарамай, бір азаматты тауып сүйсе, сол кезде қарсы емеспін.» Бұл фильмде басты рөлдегі аруды сомдау Әсел Сәдуақасоваға бұйырған. Картина желісі 2 жыл шет елде оқып, отанына оралған бойжеткен жайлы. Шекара асып, сүйгенін жолықтырған арудың таңдауы француз азаматына түседі. Алайда, тұрмысқа қамданған қалыңдыққа ата-анасы бірден қарсылық білдіріп, қазақ жігітінің жары болуды талап етеді. Бірақ, жанұясында жалғыз өскен бірбеткей қыз, айтқанынан қайтпақ емес! Әсел Сәдуақасова – актриса, продюсер: «Бұл картинадағы қызбен, өмірдегі Әселдің арасы жер мен көктей. Тіпті бұл кейіпкерді сомдау барысында талай қиындықтар да болды. Фильмдегі ару - мінезі бар, ешкімге мойын бұрмайтын бойжеткен. Сондықтан, кино әлеміндегі жаныма жат алғашқы образым деп айтсам болады!» Ал, махаббаттың ұлт талғамайтынын көпшіліктің санасына сіңіргісі келген түсірілім тобы, бұл картинаны қыс мезгіліне таяу көрерменіне ұсынбақ!