Аула сыпырушылары натурашыға айналды. Алматы қаласының тазалық сақшылары кәсіптерін ауыстырайын деген бе?
Таңертең тысқа шыққанда ауланың сыпырылып, таза тұратынын байқайтын шығарсыз? Айналамызды қоқыстан тазартуға арланбай, оны адал кәсібі санайтын бұл жандарға қоғамның айтар алғысы шексіз. Осындай Алматылық аула сыпырушылар арасында арнайы байқау жарияланып, олар өз өнерлерін басқа салада да сынап көрді. 56 жасар Күлжахан Хасенова – ұжымындағы ең еңбекқор қызметкерлердің бірі. Оның аула сыпырушысы болып жұмыс істеп келе жатқанына биыл 4 жыл. Ерекше сайысқа алғаш рет қатысып отырған ол, өз кәсібіне дән риза. Күлжахан Хасенова, аула сыпырушысы: -Жұмыстың ешқандай қиыншылығы жоқ, ұнайды, таза ауа. Халықтармен жұмыс жасаймыз, өте тамаша. Алматыда жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Үздік аула сыпырушы» байқауы биыл ерекше басталды. Көшенің тазалығына жауапты жандар қылқалам иелерінің алдында натурашы болып, өздерін жаңа қырынан танытты. Болат Сырлашұлы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері: - Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы өзінің қолұшын беріп, сөйтіп бұл конкурсқа көмектесуге ат салысып. Сондықтан біз ойладық суретшілер де табиғатқа өте жақынбызғой. Меруерт Тілеуғазиева, студент: - Қазір екі адамның портретін салуға тырысып жатырмын. Екі сағаттың ішінде аяқтауға тырысамыз. Бұл кісілердің де маған түр келбеті ұнап тұр, өйткені ерекше. Өзінің мінезіне сәйкес ерекше жерлері бар екен. Сондықтан тіпті натура болуға да келеді деп айта аламын. Еске салар болсақ, «Ең үздік аула сыпырушы» үш кезең бойынша іріктелінеді. Ең алдымен конкурсқа қатысуға өтінім қабылданып, халық үміткерлерге дауыс береді. Ал, олар екінші кезеңге өткен жағдайда, қатысушылардың аулаларын «құпия келушілер» тексереді. Тек содан кейін ғана, қыркүйек айында қазылар кімнің жеңімпаз болуға лайықты екенін анықтайды.Аула сыпырушылары арасында байқау
30.05.2017