Дүйсенбінің кешінде Манчестер Аренада өткен Арина Гранденің концертін тамашалауға жиналған жұрттың қарасы әдеттегідей мол болғанды. Жанкештілер әдейі шоу аяқталып, көрермен сыртқа беттеген сәтте қос жарылыс жасаған.
Шарлотта Пайндер, оқиға куәгері: - Қатты жарылысты естіген бойда, бәріміз сыртқа қарай жүгірдік. Адамдар бір-бірін таптап, кептеліс басталған сәтте микрофонмен айғайлап, жәй ғана шар жарылды деп алдаусыратты. Софи Уокер, оқиға куәгері: - Қашатын есік таппай, терезеден секіріп жатқандарды да көрдік. Өзіміз аренаның ең төбесіндегі есік арқылы шығуға мәжбүр болдық. Мұндай сәттерде адам не істерін білмей қалады екен. Ариана Гранденің өкілі әншінің дін аман екенін айтады. Дегенмен, жанын қоярға жер таппаған сылқымның жүйкесі сыр берген. Оқиға орын алған соң көп ұзамай-ақ, әнші твиттер арқылы ұн қатты. - Қайғыдан қан жұтып отырмын. Сіздерден кешірім сұраймын. Айтарға сөзім жоқ. 22 адамның өмірін жалмап, 50 жанның жаралануына себепкер болған терактіге қатысты жаһандық жұлдыздар да пікір білдіріп үлгерді. Өкінішін, алғашқылардың бірі болып Бэкхемдер отбасы, Майли Сайрус, Деми Ловатолар жеткізді. Саясаткерлер де үнсіз емес. Ангела Меркель, Германия канцлері: - Поп концертті тамашалау үшін жиналған жұртты қырып салғандардың ісі жан түршіктіреді. Манчестер аренадағы жарылыс кезінде, стадионда қазақстандық 6 студент болған екен. ҚР сыртқы істер министрлігі олармен байланыс орнатып, отандастарымыздың дін-аман екенін хабарлады.Манчестердегі терракт: Ариана Гранденің концертіндегі жарылыс әлемді дүр сілкіндірді
23.05.2017