Кезінде Орта Азияның хан-сұлтандары ермек еткен Шөген ойынына бүгінде әлем ауқаттылары аса құмар. Бір қызығы полодан елімізді шет жақта танытып жүргендер бай-бағландар емес, жылқы айдап, көкпар тартып өскен қазақ жастары. Аргентина полошылары жылына миллион долларлап табыс табады екен. Біздің шөгеншілердің арманы қандай?
Екі мың жылдық тарихы бар шөген ойынының негізін Орта Азия көшпенділері қалапты. Бұған дәйекті дәлелдер Махмұд Қашқари мен Жүсіп Баласағұни шығармаларында бар. Мамыр айының 26-29 күндері Германияның Мюнхен қаласында полодан «Munich Gold Cup 2017» халықаралық турнир өтпек. Біздің жігіттер сайысқа тас-түйін дайын. Сәрсен Құранбек, «Қазақстан шөген федерациясының» вице-президенті: - Халықаралық турнирге Аргентина, Германия, Швейцария, Нидерланды, Катардың және Қазақстанның екі командасы қатысқалы отыр. Бізден баратын командалар «Astana Polo club», «Almaty Polo club» клубтары. Бұл екі команда да, соңғы уақытта жоғарғы жетістікке жетіп жүрген, жақсы өнер көрсетіп жүрген командалар. Аргентинада ірі халықаралық поло турнирлерінде жүлде алып, Еуропалық әккі қарсыластарын шаң қаптырып жүрген біздің шөгеншілердің бәрі ауыл жігіттері. Көкпар тартып шыныққан олар осыдан екі жыл бұрын полоның не екенін білмеген. Айдын Жәкежанов, «Astana Polo club” директоры: – Көкпардағы жетістіктерін ескере отырып, осы балаларға таңдауымыз түсті. Полоның бір ерекшелігі, команда болуы керек әркез. Осы ішкі ерекшеліктерге сәйкес, бұл балалар бір-біріне өте жақын болды. Көкпарда бір командалас болғандықтан, сол қалпында біз полоға әкелдік. Шөген - түсінуге оңай, көруге тартымды спорт түрі. Ақсақ Темір арнайы алаң салдырып, Сұлтан Бейбарыс сүйсіне ойнаған шөген қазір әлемде поло атымен танымал. Аталмыш ойын күні ертең-ақ, ел шенеуніктерінің хоббиіне айналуы ықтимал. Шөген ойынында биік шыңдарға шыққан тұлғалар көп. Қора тазалаушы болып қызметке тұрып, одан атбегілікке көтеріліп, кейін полодан Аргентинаның бас жұлдызына айналған Адольфо Камбиасоның бүгінгі табысы шаш-етектен. Сол аргентина халқын шөгендегі өнерімен тәнті еткен қазақ ұлы Құрманбек. Құрманбек Тұрғанбек, «Astana Polo club” командасының үздік ойыншысы: – Жоғарыға шықсақ па деген арманымыз бар. Сол Адольфо Камбиасо сияқты болмасақ та, соған ұқсап бағамыз, құдай қаласа. Оның бір жылдық табысы 5 млн доллар деді. Біз Қазақстан деңгейінде Адольфо Камбиасо болсақ деген арман бар. Еуропада полоға арналған жақсы тұлпардың орташа құны 24 000 еуроны құрайды. Бір ойыншының жабдығы да қыруар ақша. Осының барлығын шет елге сатуға Қазақстанда мүмкіндік мол. Демек, шөгенді тек ойнап қоймай, саланы кәсіп көзіне айналдыруға әбден болады.Көкпар тартатын қазақ баласынан жылына миллиондаған доллар табатын поло ойыншысы шығады ма?
23.05.2017