«А-студио» ұжымы Батырды еске алу кешіне қатысудан неге бас тартып отыр?
28.04.2017
Батырханның өзі өмірден өтсе де, Шүкенов атындағы қор маэстроның шығармашылығын насихаттаудан еш шаршаған емес! Алайда, ән әлеміне бірге қадам басқан «А-студио», бақилық болған әріптесін қолдауда белсенділік танытып отырған жоқ! Тіпті, мамырда өтетін музыкантты еске алу кешіне қатысудан бас тартқан.
Батырхан Шүкенов атындағы қор музыканттың жаңа бейнебаянын көпшілікке таныстырды. «Нас исцеляет любовь» деп аталатын трек әншінің көзі тірісінде жазылған. Тек Батыр бұл композициясын халыққа ұсынып үлгермегенді. Әлім Заиров әннің сазын әрлесе, Батырдың достары жаңа клиптің жарыққа шығуына қолдау көрсеткен.
Әлім Заиров, композитор:
- Батырхан Камалұлы фейсбук желісі арқылы мені студияға шақырды. Әйгілі музыканттан мұндай ұсынысты күтпеген мен, бірден жетіп бардым. Танысып, шығармашылық жайында біраз әңгімелестік. Бірнеше ай өткен соң, осы әнді Батырдың өзіне арнап жазғанымды айтқанымда, ол кісі ұнатып репертуарына қосқан еді.
Бұл бейнебаянда әншінің видео-мұрағаттары қолданылып, құммен сурет салу өнері арқылы бақилық болған Батырдың бейнесі суреттелген.
Сондай-ақ, музыканттың 55 жылдығына орай, биыл Алматыда Батырды еске алу кеші өтеді. Бұл концерттік бағдарламаға Шүкеновтің жанына жақын әндері таңдалып, өзі үлес қосқан туындылар тоғыстырылмақ. Валерий Меладзе, Далер Назаров сынды ресейлік достары бұл кеште өнер көрсетеді, тек әйгілі «А-студио» концертке қатысудан бас тартып отыр.
Олжас Байқанов, Б. Шүкенов атындағы қордың директоры:
- «А-студио» тобына хабарласқанымда, өкінішке орай келе алмайтындарын айтты. Аталмыш ұжымның сол уақыттарда шет елде жұмыстары бар екен. Сондай-ақ, қазіргі таңда ЭКСПО-ға орай ұйымдастырылған шоу-концертке қызу дайындық жүргізіп жатқандарын жеткізді.
Аталмыш ән кешінен кейін, Шүкенов атындағы қор Батырдың үш бірдей альбомын жарыққа шығармақ.