Бүгінгінің «Қыз Жібегіне» іздеу салған Кентал, Меруерт Өтекешованың көмегіне жүгінді
28.04.2017
Әйгілі актриса әнші жігітке шынайы өмірде емес, кезекті клипінің түсірілімі үшін жәрдемдесуге келген көрінеді. Талғаттың таспалап жатқан тың туындысы құпияға тұнып тұр. Әдетте, бар сырын ақтаратын Кентал, бұл жолы жүзін жасырып сұхбат беруге мәжбүр.
Кентал, әнші:
- Енді клип бойынша, ол құпия болсын деп. Өйткені, қызықтың бәрі алда. Болашақта клип жарыққа шыққанда, сол кезде бәріңіз көре аласыздар. Одан кейін түсінесіздер.
Әр клипте сүйіктісінің образына отандық шоу-бизнес пен сән әлемінің сылқымдарын таңдайтын Кентал, бұл жолы үйреншікті үрдістен бас тартқан. Есесіне, сері жігіттің бұл бейнебаяндағы серіктесі атақты «Қыз Жібек» рөлін сомдаған Меруерт Өтекешова.
Кентал, әнші:
- Меруерт Өтекешова апамызды білмейтін кісі жоқ! Өте дарынды, өте талантты, өзі де өте сұлу адам. Сондықтан, сұлулығына қарап, осы Меруерт апамызды шақырдық.
Түсірілім тобының Өтекешованы таңдауы да тегін емес сияқты! Камера объективіне іліккен кадрларға зер салсақ, Кенталдың да егде жастағы адамның образына енгенін байқауға болады.
Кентал – әнші:
- Бұл клиптің сюжеті арқылы біздің айтатынымыз: сүйіктілеріңізді жоғалтып алмаңыздар, құрметтеңіздер, сыйлаңыздар! Сол осындай оймен... енді бәрін айта алмаймын. Клип жарыққа шыққан кезде бәрін түсінесіздер.
Ғашықтық сезімді суреттейтін видео «Космос» деп аталады. Тректің сазы мен сөзін жазған Талғаттың өзі. Осыдан екі ай бұрын дүниеге келген тың туындының ғаламторда тек тизері ғана таралған.