Канн фестивалінде тұңғыш рет Қазақстандық павильон жұмыс істейді
27.04.2017
Канн фестивалінің ауқымы мен ұсынар мүмкіндігін біздің киноөндірістегілер айқын ұғынғанымен, ол алаңға қадам басуға құлшыныстары аз. Себебі, отандық кино нарықтағылардың басым көпшілігі өз күштеріне сенімсіз, - дейді спикерлер.
Анна Чакиртова, Канн кинофестиваліндегі Қазақстан Павильонының продюсері:
– Режиссерлар мен продюсерлер жаһандық кинематографистермен келіссөздер жүргізуді бекер әурешілік санайды. Әлі тәжірбиеміз жеткіліксіз деген сынды түрлі сылтау айтады.
Серіктес табу, жобалар үшін бюджет іздеу дәл осы алаңда жүргізіледі. Әлемдік кино фондтар Қазақстаннан неге сұраныс жоқ деп таңданады. Сондықтан да, киноөндірушілерге, прокат жасаушылар мен рентал студияларға Канн фестивалі өтетін он күндікте павильон ұсынылды.
Бұған қоса, Қазақстан тарапы 19-шы мамыр күні, Франция Ұлттық кинематография орталығының алаңы Круазет жағалауында қабылдау өткізеді. Айман Мұсаходжаева бастаған Қазақ Ұлттық Өнер универстиетінің камералық оркестрі мен Димаш Құдайбергенов сол шара аясында өнер көрсетеді. Қазірдің өзінде, франциялықтар десте-десте хат жолдап, Димаштың қашан келетінін сұрастырып, қызығушылық танытып жатқандар қатары мол дейді ұйымдастырушылар.
Рашид Нұғманов, «Ұлттық кинематография өнері мен ғылымдарының академиясы» қоғамдық бірлестігінің президенті:
– Негізі, төрткүл дүниенің кино нарығының өкілдері бас қосатын алаңда бірлесе жоба жасауға дайын мамандар жетерлік. Біз солармен отандық киногерлерді жолықтырар көпір боламыз. Каталогқа ену, лэд экраннан жобаңды таныстыру - бәрі тегін ұсынылады.
Екі жыл бойына арада келіссөздер жүргізіліп, оң нәтижеге қол жеткізілген. Әзірге, 26 студия мен 15 каскадерлік топтың өкілдері арнайы каталогқа енуге өтініш білдіріп отыр.