Шілдеде тон киіңдер! Ирина Ашербекова жаңа топтамасын таныстырды
12.04.2017
Екі жылдық үзілістен соң фэшн өндіріске қайта оралған Ирина Ашербекова алғашқы lookbook фотосессиясын жасап, елден бұрын бізге топтамасын көрсеткенді.
«Сән сахналарынан көрінбегеніммен, фэшн өндірістен ұзаққа алыстаған жоқпын», - дейді Ирина. Әуелі, Регина Вандышеваны «Әлем аруы» байқауына әзірлеп, одан соң мүмкіндігі шектеулі жандардың сұлулық сайысын ұйымдастырған. Үзіліс алған екі жылда топтама жасап, енді Ирина Янг есімімен жаңа белестерді бағындыруға құлшына кіріспек.
Ирина Янг, сәнгер:
– Халықаралық аренаға шығатын кез келді! Менің тегім қиын жатталатын болғандықтан, Еуропалықтарға да, Азиялықтарға да түсінікті ортақ лақап атты ұзақ іздедім. Америкалық сленгте young, «жас» деп аударылатын сөзге тоқталдым! Өйткені, мәңгі жас боп қалғым келеді.
Отандық сән әлемінде қанатын кең серпуге мүмкіндік беріп, мансабында трамплин болған Kazakhstan Fashion Week арқылы жаңа қадамын бастауға ниетті. Бұл алаңда партфолио іспетті lookbook жасатып, көрсетілімнің соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр.
Ирина Янг, сәнгер:
– Эскиздерім жиналып қалды. Сол идеялардың барлығын топтамаға енгізуге тырыстым. Тіпті акссесуарлар да, әшекей бұйымдар да менің қиялымнан туындаған. Бұрын луктарым енді ғана бойжетіп келе жатқан аруларға арналатын. Қазір, масс-маркетке жұмыс істемеймін! Әр көйлекті бір ғана данамен шығарамыз.
Ирина Янг әлемдік сән апталықтарының ережесіне берік болуды көздеп отыр. Сондықтан, да бұл жолы күз-қыс маусымына бағытталған дүниелер ұсынады.
Ирина Янг, сәнгер:
– Ешқашан ішік тіккен емеспін! Дегенмен, жақында осы істі дөңгелетіп жүрген жанмен таныстым. Қызығушылығым артып, өзім де тон тігуге кірістім. Дизайнер әрқашан дамып, жаңа технологияларды меңгеріп отырса ғана сұраныста.
Келешекте аяқ киім мен сөмкелердің топтамасын ұсынуды көздейді. Дегенмен, ол кезеңге дейін жаһандық аренаға шығып, Еуропа, АҚШ, Азия елдерімен келіссөз жүрігізуге ниетті.