Бэкхемдердің бес жасар Харпері іске жарап қалыпты!
03.04.2017
Кішкентай ханшайым – Джессика Альба, Зои Салданаларға көйлек тігіп берген. «Шеше көрген – тон пішер» нақылы дәп Харпер Бэкхемге айтылғандай! Викторияның сәнгерлік қабілеті дарып, бес жастағы бөбек қалта көтерімді топтама жасап шыққан!
Дәл осы топтама қызыммен арамызды одан әрі жақындастыра түсті дейді Виктория Бэкхем! Доп теуіп, футболмен айналысамын деген ойынан айнытып, нәзік жандыға тән тірлікпен айналысуға көндіре алғанына қуанады.
Виктория Бэкхем, сәнгер:
- Харпер қолғабыс танытатын жасқа жетті. Екеуміз жүріп маталардың түстерін, аксессуарларды бірге таңдадық. Бұл топтама қызым екеуміздің қарым-қатынасымыздың айнасы дер едім! Балаларға арналған топтаманы жасауда мен оған ерік беріп, қалауындағы дүниелерді ұсынуға ыңғай таныттым.
Бәрі ағылшын стилінде болуы шарт! Топтамасын да, оның таныстырылуын да сәнгер өзіне үйреншікті бағытта жасаған. Қонақтар әсем бау-бақшаның ішінде серуендеп, дастархан басында бас қосқан.
Наоми Харрис, актриса:
- Топтамада 200-ден астам лук бар! Соның біраз бөлігімен танысып, мына комбинезонды да еншілеп үлгердім. Бүгінгі ауа-райына дәл таңдаған сияқтымын.
Менің қиялымнан туындаған дүние санаулыларға ғана емес, кез-келген американдық нәзік жандыларға ортақ болады дейді Вики! Расымен, 6 мен 70 доллар арасындағы луктар кез-келгенге қол жетімді.
Джессика Альба, актриса:
- Қыздарым Онор мен Хэвеннің арасы бірнеше жас болғанымен, олардың стилі ұқсас, бірдей түстегі киімдерді кигенін қалар едім. Менің де образым сол екеуімен үйлесіп тұрса, тіпті керемет! Бірақ, мұның бәрін ойластырып, таңдағанша қанша уақыт пен күш жұмсалады. Викторияның бізге тән осы мәселені шешіп бергеніне қуаныштымын.
Зои Салдана, актриса:
- Негізі, шопингке мен жеке бюджетімнен ай сайын қаржы бөліп отырамын. Сол шектеуден аспауым керек ! Мен сияқты мыңдаған әйелдің арманындағы көйлектерге қол жеткізе алатыны қуантады.
Әйелдің бәрі мінсіз мүсінді болуы шарт деуден танбайтын сәнгер бұл жолы плюс – сайз өлшемді киімдерді де жасап шыққан!