«Mezzo» тобына Батырханның әнін орындау мәртебесі бұйырды
09.03.2017
Бұл кешті тамашалаған көрермен, Шүкеновтің шығармашылық концертіне келгендей күйге бөленді. Өйткені, әйгілі музыканттың әндері шырқалып, тіпті кезінде Роза Рымбаева мен Батырхан айтқан дуэт те, жаңа нұсқада қалың көпшілікпен қауышты. Ал, дүйім жұртқа әсерлі кешті тарту еткен «Mezzo» тобы.
Кроссовер жанрында ән шырқайтын төрттік Қазақстанда алғаш рет жеке концертін өткізіп отыр. Бұл кештегі бағдарламаға қазақтың халық әндері мен әлемге танымал туындылар тоғыстырылған. Сонымен қатар, Батырхан Шүкеновтің репертуарындағы шығармалардан арнайы поппури әзірлеген.
«Mezzo» тобы:
- Осы концертті ұйымдастырар алдында, бізден көп адамдар сұрады. Осы Батырдың әндері болады ма деп. Біз ол адамдарсыз да айтқымыз келген. Бірақ, ойланып жүрдік. Өз әндеріміз емес қалай болады деп. Халық сұрағасын шабыттанып кеттік те, бір нөмірді арнауды ұйғардық.
Бұл кеште қазақ музыкасының Батыры атанған Шүкеновтің шығармалары жалғасын тапты. Роза Рымбаева әйгілі әншімен жазған дуэтін жаңартыпты. Ал, Батырханның партиясын «Меццолық» жігіттер жоғары деңгейде орындап шықты.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
- Біздің сүйікті досымыз марқұм Батырхан Шүкеновтің «Біз кездесеміз» деген әнді орындаймыз. Кезінде Батыр екеуміз орындағанбыз. Енді Батырдың партиясын жігіттер орындайды.
Сондай-ақ бұл кеште Нағима Есқалиев, Толқын Забирова және Жәмилә Серкебаева сынды саз әлемінің саңлақтары «Mezzo» квартетімен ән шырқады. Ал, кәсіби музыканттарды шақырып, халық әртістерімен дуэт жазу жас топ үшін қаншалықты қиындық туғызды екен?!
«Mezzo» тобы:
- Қиындығы тек бір нәрседе. Олар тәжірибелі профессионалды музыканттар ғой енді. Уақыт жағынан қиыншылығы болды да, қалған ешқандай қиындық болған жоқ. Себебі, біреуінде дыбыс жазу, біреуінің тағы бір шаруасы, енді әртіс болған соң әр жерге шақырады.
Жәмилә Серкебаева, скрипкашы:
- «Mezzo» тобы кәсіби вокалистерден құралған ұжым. Дауыстары тамаша үйлескен топтардың ішіндегі дарасы дер едім. Бүгін Италия әнін жігіттермен бірге орындаймыз.