«Оскар – 2017» биыл кімнің жұлдызын жақты?
27.02.2017
«Бізді жек көретін әлемнің 225 елі шоуды тамашалап отыр!» Кеш бойы Дональд Трампты кекеткен Джимми Киммел, «Оскар» салтанатын саясат алаңына айналдырды. Ал үздік фильм атауын шатыстырып алған жүргізушілер қателігінің астарында не бар?
Қызыл кілемде бой көрсеткен сылқымдардың басым көпшілігі, ақ түске таңдау түсірген. Олар ханшайымдардың образдарынан бас тартып, минимализм, ретро және неоромантиканы трендке енгізді.
Сальма Хайек, актриса:
- Мен сұлумын! Өзгесі мен үшін маңызды емес! Фэшн-сыншылар образыма мін тағып, талғамсыздар қатарына қосса да, сары уайымға салынбаспын.
«Оскарда» бой көрсетуге нәзік жандылардан бұрын, ерлер қауымы аса ыждаһаттылықпен әзірленуді әдетке айналдырғандай. «Бұл ортада тек стильді азаматтар бас қосады» - деген жазылмаған қағида қалыптасқан. Дегенмен, қызыл кілеммен жүруге құмартпағандар да табылды! Қаумалаған мыңдаған камера алдына шығуды қаламай Дженнифер Энистон, Леонардо Ди Каприо, Эми Адамстар залға елеусіз кіріп үлгерген.
Өткен күзде, киноөндіріске қосқан өлшеусіз үлесі үшін Джеки Чан марапатталады деген хабар тарағанды.
Джеки Чан, актер:
- 56 жылдық еңбегім ескеріліп, «Оскардың» иегері атанғанда көзіме жас алдым! Негізі, бұл марапат әр актердің арманы! Менің бұл мақсатымның орындалғанына қуаныштымын! Оскар үшін рахмет!
Джастин Тимберлейктің делебе қоздырған әнінен соң, бірден мүсіншелерді иелеріне табыстау сәті басталды. Өткен жылы қара нәсілділер шеттетілді деген айыптаулардан соң, киноакадемиядағылар бұл олқылығын түзеуге тырысқаны байқалады. Әйтпесе, екінші пландағы үздік актер мен актриса атанғандардың әділ марапатталғанына сыншылардың басым бөлігі күмәнмен қарады.
Ел үкілеп үміт артқан «Ла-Ла Ленд» алты номинацияда көш бастады. Тіпті, жиырмасыншы рет Оскарға үмітті болған Мерил Стрипті басып озып, Эмма Стоуннның қанжығасы майланғаны көпті қуантқандай.
Дегенмен, мюзикл авторларының қуанышы ұзаққа созылмады. Кеш соңында, үздік фильм «Ла-Ла Ленд» деп хабарланып, Дэмьен Шазелл қошаметтерді қабылдап жатқанда, бұл мүсінше «Лунный свет» картинасына тиесілі екені белгі болды.
- Кешіріңіздер, біз жаңылдық! Расында, үздік деп танылған «Лунный свет» фильмінің ұжымы!
Эмма Стоун, актриса:
- Бұл ең ессіз әрекет шығар?! Дегенмен, біз тарихта із қалдырдық! «Лунный свет» менің де сүйікті картинам.
Есесіне, «Ла-Ла Ленд»-ті түсірген Дэмьен Шазелл ең жас үздік режиссер атанды.