ҰБТ-ға дайындық Баян Мақсатқызына қатысты сұрақтардан бастау алмақ
03.03.2017
Енді біріңғай тестте шоу-бизнес өкілдері жайлы сұрақтар да кездеседі. Күні кеше Егемен Қазақстан газетіне жарияланған ҰБТ сауалдары, ғаламтор қолданушыларының ашуын тудырған болатын. Баян Есентаева, одан қалды Нұртас Адамбай мен Ермек Тұрсынов жайлы сұрақтар Ұлттық бірыңғай тестте оқушы тағдырын шешуі мүмкін бе?
Мектеп бітіруші түлектер, енді шоу-бизнес жаңалықтарын мүлт жібермеуі тиіс пе?! Дәл осылай дабыл қаққан ғаламтор қолданушылары, «Егемен Қазақстан» газетінің «Ұлттық біріңғай тестілеуге дайындық» айдарында кездескен сұрақтарды түсіне алмай дал. Аң-таң болған Қазнеттегі қалың жұрт, өз ойын ашық айтты.
- Басқаның жөні бөлек, білім саласындағы қателік. Мынау енді барып тұрған масқара.
- Баян Есентаева не ғып жүр десеңші... ҰБТ-да әншілер, актерлардың өмірбаянымен танысу жетпей тұр еді.
Өз есімдерін мемлекеттік тест сұрақтарынан көрген шоу-бизнес өкілдері де, оқушылар жұлдыздардың өмірбаянын емес, мектеп бағдарламасын білу қажет дейді.
Нұртас Адамбаев, актер, режиссер:
- Менің пікірім өте қарапайым, себебі бұл жаңалықты өзім бүгін көрдім. Менің ойымша, талапкерлердің білімі шоу-бизнес жаңалықтары арқылы емес, саналы ғылым-білімге тән сараланса екен деймін. ҰБТ-ға шоу-бизнес жаңалықтарын қосудың қажеті жоқ.
Мәселенің мән-жайын анықтау үшін, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығына хабарласқан болатынбыз. Олардың пайымдауынша, мұндай тапсырмалар оқушының текстегі негізгі ойды бөліп, ұғыну қабілетін анықтайды.
Әсел Шарбекова, ҰБТ орталығының баспасөз қызметкері:
- Ол жерде Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайға қатысты ешқандай сұрақ жоқ. Ол тек қана, бір жауаптың варианттары ретінде берілген. Ол дұрыс жауапқа да жатпайды. Ол жерде дұрыс жауап - отандық фильмдерді талдау. Соның ішінде, тек ғана бір ғана қателік, қателік емес бір ғана кішкентай ғана сөз, сіздер соған ғана жабысып отырсыздар.
Кіші-гірім қателікке жол беріп, үлкен дауға қалған ҰБТ орталығы, дау тудырған сұрақтарды өз базаларынан алып тастады. Ал білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырза, ендігі тапсырмаларға Димаш Құдайбергенов пен Геннадий Головкин жайлы сұрақтарды да қосамыз дейді. Себебі, қоғам қызығушылығын тудырған тұлғаларды тілге тиек ету, оқушылардың тест жаттауға деген ынтасын оятады, - деп тұжырымдады өз сөзін министр.