Синхронды жүзуден ұлттық құраманың экс-мүшелері, Тимур Құлыбаевқа ашық хат жолдады
01.03.2017
Кезінде синхронды жүзуден ұлттық құраманың мүшелері болған қыздарымыз, бұл саладағы әділетсіздіктерге көңілдері толмайтынын жеткізді. Бүгін спортшылар баспасөз мәслихатын өткізіп, Федерация басшысы Тимур Құлыбаевқа ашық хат жолдады.
Бұрын бұл қыздар синхронды жүзу спортынан Қазақстан намысын халықаралық сайыстарда қорғап келген. Түрлі себептермен ұлттық құраманың экс-мүшелері атанды. Даудың басы, тіпті, 2006 жылдан басталады. Қыздардың ұлттық құрама бапкері Демченко Жанна Геннадийқызына қатысты шағымдарының тізімі мынадай.
Айнұр Керей, Синхронды жүзуден Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы мүшесі:
- Спорттық экипировка толық берілмейді. Купальниктерді біз өз ақшамызға аламыз 200, 400 доллар болса да. Сборларға барған кезде біздің тамағымыз өте нашар. Бізде фотолары бар. Бұл сметаға сәйкес келмейді.
Қазір қаржылай істерге байланысты, синхронды жүзуден Ұлттық құрама өкілдері айналасында, тергеу амалдарын жүргізілуде. Синхронды жүзуші қыздар да, бұл істе куәгерлікке тартылған.
Лейла Рамазанова, заңгер:
– Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғандықтан, біз артық ақпарат айта алмаймыз. Себебі, бұл тергеу құпиясын жариялау болып табылады. Қыздар бұл істе куәгер ретінде шақырылғаны рас.
2013, 2014 жылдары қыздар шет елге сайысқа шыққанда, тамақ пен күнделікті шығындарды өз қалталарынан төлеуі тиіс екендерін әуежайда бірақ естіген.
Құрама бапкері Жанна Демченко тарапынан, бірталай жылдар бойы әділетсіздіктер болды, - дейді синхроншылар. 2015 жылы алты айлық жалақыларын алмай, тиісті сыйақыларын да әлі күнге дейін көрмегендері бар.
Әмина Ермаханова, Синхронды жүзуден Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы мүшесі:
– Командадағы жағымсыз жағдайларға байланысты, көптеген спортшылар осы спорт түрінен кетті. Құрама командадан алты қыз кетті. Сосын жас командадан 3-4 қыз кетті. Бұл бапкерлердің қатесі деп ойлаймын.
Қазір қыздар ҚР Су спорты түрлері федерациясының президенті Тимур Құлыбаевқа ашық хат жолдап, осы келеңсіздіктерді тоқтатуды сұрап отыр. Олар синхронды жүзуден ұлттық құрамадағы қалыптасқан жүйені өзгертуді қалайды.