«Қайраттың» кішкентай жанкүйері Исламхан және Аршавинмен кездесті

Сообщить о проблеме с эфиром
«Қайрат» жанкүйерлерін қуаттандырамын деп халыққа танылған 9 жасар Әлихан Шәміл естеріңізде болар? Ол өзі армандаған Бауыржан Исламханмен сұхбаттасып, Аршавинмен суретке түсу мүмкіндігін алды. Сонымен қатар, Әлиханға «Қайрат» пен «Оқжетпес» матчын бастау құрметі де бұйырған еді. «Қайрат» пен «Оқжетпес» арасындағы Орталық стадиондағы ойынның беташарын Евгений Ожогинмен бірге Әлихан Шәміл жасап берді. «Қайрат» клубы жігерлі жанкүйер балақайға осы құрметті лайық деп таныған. Әлихан Шәміл, 3 сынып оқушысы, «Қайрат» ФК жанкүйері: – Жаңа Ожогин көкеммен бірге сұрақтарға жауап бердім. Маған бәрі ұнады. Трибунадағы «Қайрат» жанкүйерлерін рухтандырамын деп, ғаламторда танымал болған Әлихан «жұлдыз» болудың салмағын сезінгенін де айтады. Әлихан Шәміл, 3 сынып оқушысы, «Қайрат» ФК жанкүйері: - Алдындағы кезден бәрі мені танып жатыр достарым. Қалайсың «звезда интернета» дейді. «Қайрат» пен «Оқжетпес» ойыны шынайы дода болды. Фоворит алматылықтар болса да, көкшектаулықтар кездесудің 19-шы минутында «Қайрат» қақпасын дәл көздеді. Матчтың алғашқы жартысында, голсыз қайтуға арланған қайраттықтар сапынан Маркович стандартты жағдайда басымен сәтті пайдаланды. Есеп 1-1. Екінші таймда есін жиған «Қайрат» алаңда өзін қожайын екенін енді сезгендей болған. Алайды, тәртіп бұзып қос сары қағаз алған Елдос Ахметов алаңнан қуылды. Он ойыншымен қалған алматылық аяқдопшылар 83-ші минуттағы Аршавинның голымен бір желпінді. Қуаныш ұзақ емес. Араға 10 минут салып, «Оқжетпес» төреші сыйлаған 11 метрлік айып добын жемісті орындап, голдар санын 2-2 жеткізді. Владимир Муханов, «Оқжетпес» ФК бас бапкері: – Меніңше, пенальти әділ берілген секілді. Себебі, төреші дәл сол сәтте жанында болды. Біз допты ұстауда, комбинациялық ойнауда қателіктер жібердік. Бірақ мақсатымызды 80% -ға орындадық деп ойлаймын. Андрей Аршавин, «Қайрат» ФК ойыншысы: – Біз ойынды ширақ бастамадық. Оқжетпес осы сәтте өз мүмкіндігін жіберген жоқ. Екінші таймда он футболшымен ойнау қиын болды. Дегенмен, қарымта шабуылдарда гол соқтық. Көкшетаулықтар лайықты түрде бір ұпай алып қайтты деп ойлаймын. Матч соңында бала жанкүйер Әлихан, өзі ұнататын «Қайрат» клубының жұлдызды ойыншыларымен кездесуді тағатсыздана күтті. Ол өзі армандаған Аршавиннің қолын да алды, Георгий Жуковпен суретке де түсті. Футболшылар да қаршадай, бірақ көзі отты жас фанаттарына құшағын ашты. Әлихан жаттаған сұрағын «Қайрат» капитаны Бауыржан Исламханға да қойды. - Бауыржан аға, қалай мықты футболшы боламын? Бауыржан Исламхан, «Қайрат» ФК капитаны: - Барлығы еңбек, барлығы жұмыс, күніге тренировкадан қалмау керек. Алға қойған мақсаттарың болса, соған жету керек. Соған жетем деп армандау керек. Әлиханның кешегі үміті, бүгін шындыққа айналды. Бұл өзге де бала армандарға қанат бітіретін бір үлгі болса керек.