Жанқош Тұраров АҚШ-та өтетін жекпе-жектері жайлы ойларымен бөлісті

Сообщить о проблеме с эфиром
Жанқош Тұраров АҚШ-та өтетін жекпе-жегі жайлы ойларымен бөлісті. АҚШ-тың Флорида штаты, Бока-Ратон қаласында 26 мамыр күні қазақстандық кәсіпқой бокстың бүгінгі беткеұстарлары рингке шықпақ. Қанат Исламның қарсыласы - мексикалық Норберто Гонсалес. Бұл кездесуде жерлесіміз иелік ететін WBO Intercontinental және WBA Fedelatin белбеулері сарапқа салынбақ. Қанатпен қолғап түйістіретін мексикалық боксшы кәсіби рингте 31 кездесу өткізіп, оның 23-інде жеңіске жеткен. Осы бокс кешінде өзінің кезекті жекпе-жегін өткізетін Жанқош Тұраров мұхиттың арғы жағындағы ақырғы дайындықтары туралы айтып берді. Жанқош Тұраров, кәсіпқой боксшы: - Қанат бауырымыздың дайындығы тамаша. Бірге жатықтық. Өте қарқынды дайындалуда. Нокаутпен жеңеді деген ойдамын. Күніне 5, 6 сағаттан, екі уақыт дайындалып, түрлі спарингтер болды. Алдағы жекпе-жекке дайынбыз. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров 2016 жылы өзінің 20-шы жеңісін тіркеп, 14-ші нокаутын тарихқа жазған еді. Ол сәттегі қарсыласы ганалық Исаак Арие болатын. Жанқошпен 26 мамырда рингте майдан жасайтын мексикалық Густава Гарибай. Густаво "WBC Latin America" тұжырымының жəне Мексиканың 3 дүркін чемпионы. Жанқош Тұраров, кәсіпқой боксшы: – Мексикалық боксшылардың басы мықты болады ғой. Құлату қиын. Сондықтан, оларға қарсы көп удар лақтыру, комбинациялар жасау деген жоспар бар. Санаулы күндер бұрын Жанқош Тұраров әке атанған болатын. Оның жары Клара дүниеге қыз әкелген еді. Туған тұңғышы туралы хабарды ол АҚШ-тағы жаттығу залында тер төгіп жатқанда естіген. Жанқош Тұраров, кәсіпқой боксшы: - Аллаға шүкір, қуаныштымын. Шет елде жүріп әке атану бір қызық екен. Екінші, үшінші емес үйреніп қалғандай. Көргім келіп, асығып, иіскегім келіп жатыр. Қанат пен Жанқош бақтары шауып, баптары келісіп тұрса, 9-шы қыркүйекте «Экспо-2017» халықаралық көрмесі аясында үлкен бокс кешін өткізеді. Қос боксшы да, ол уақытта өз салмақтарындағы әлем чемпионы атағына таласуы ықтимал. Олардың жекпе-жектерін қазақстандық жанкүйерлер 27-і мамырда, таңғы 6:00 де тікелей эфирден көре алады.