vlcsnap-2017-03-16-09h53m30s482

Синхронды жүзуден өткен Қазақстан чемпионатын аса құпия шараға айналдырғандар кімнен жасырынады?

Синхронды жүзуден Қазақстан чемпионатын ұйымдастырушылар үлкен дауға ұшырады. Олар баласын қолдауға алыстан келген ата-аналарды сайысқа кіргізбей, есіктерін тарс жауып алған. Жарыс алдында «жанкүйерлерге кіру тегін» деген хабарландыру да жалған болып шықты.

Бұл синхронды жүзу спортынан Қазақстан чемпионаты өтіп жатқан Алматыдағы орталық бассейннің бірі. Ғимарат ішіне түсірілім тобы тұрмақ, баласына жанкүйерлік етуге келген ата-аналарға кіруге рұқсат жоқ.

Бұл ғимараттың орнатқан тәртібі қатаң режимдегі абақтыға көбірек ұқсайды. Осы жерде Қазақстан чемпионатын ұйымдастырған «Республикалық су спорт түрлері федерациясына» ата-аналар аса ренжулі.

Татьяна Ватутина, ата-ана:
– Бізге ештеңе түсіндірмеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, ғимараттың шатыры құлап кетуі мүмкін екен. Қауіпсіздік мақсатында артық адам кіргізбейміз дейді. Егер ол жер қауіпті болса, неліктен сайыс өткізеді?

Елена Гилева, ата-ана:
– Біз барлық ата-аналар өз балаларымызды қолдап, өзгелердің өнерлерін де бағалауға келдік. Бұрын ел чемпионаты ашық, әрі еш кедергісіз өтетін. Бізді заңды құқықтарымыздан шектеп отыр. Егер федерация атына шағым түсірушілер болса, біз қолдауға дайынбыз.

Екі апта бұрын аталмыш бассейн кешенінің жеке сайты мен инстаграм парақшасында, Қазақстан чемпионатының өтетіні туралы хабарландыру беріледі. Кіру тегін делінген. Сайысқа бір күн қалғанда бұл жазбалар үшті-күйлі жоғалған.

Тағы бір қызығы, басы бөтен адамды кіргізбейміз деген бассейн кешені, ақшасын төлеген адамдарға чемпионатты көруге рұқсат еткен.

Мадина Құрманбаева, ата-ана:
— Менің қызым 10 жаста. Ол Қазақстан чемпионатына бірінші мәрте қатысып тұр. Мен баламның сайысқа түскенін көру үшін, 7000 теңгеге күндізгі абонемент сатып алып кірдім. Ұйымдастырушылар тарапынан бұл шектен шыққандық.

Қазақстан чемпионатының әділқазылары тізімінде ұлттық құраманың экс-бапкері Жанна Демченко бар. Ол жақында ғана қызметінен қуылып, заң алдында істі болған еді. Көптеген жылдар бойы, синхронды жүзуден ұлттық құрама өкілдеріне қатысты әділетсіздіктер танытып келді деп айыпталған бұл бапкердің, қазір Қазақстан чемпионатында төрешілік етуі түсініксіз жағдай.

Елімізде аса танымал емес синхронды жүзу спортының айналасындағы дау-дамай, оны қазір жұртқа белгілі етті. «Қазақстан су спорт түрлері федерациясының» сайты болса бұғаттаулы, байланыс телефондарын ешкім көтермейді. Бұл салаға жарты жыл бұрын президент болған Тимур Құлыбаев мырзаға күрделі реформа жасау қажет сынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.