Сегіз жасар қызды құтқарған оқушы мемлекеттік білім грантын иеленді

Сообщить о проблеме с эфиром
Сегіз жасар қаршадай қызды арам пиғылды қарақшының қолынан арашалаған Тимурбек Жамаладдиновты мектебі мақтан тұтады. Шағын денелі қарапайым бозбаланың бұл қаһармандығы қазір күллі қазақстандықтардың ыстық ықыласына бөленіп жатыр. Мұнша мақтауға бойы үйренбеген Тимурбектің өзі аздап қымсынады. Дегенмен, ерлігіңе лайықты сый деп Алматы облысының әкімі Тимурға білім грантын уәде етіпті. Гүлжан Атамқұлова, Д.Қонаев атындағы мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары: - Тимурдың мысалында ерлік кез-келген адамның қолынан келеді деп ойлаймын. Тимурдың өзі айтады - мен оны ерлік деп санамаймын деп. Ол өзінің азаматтық борышын өтеді десем, ол ерлік жасағанмен тең. 1975 жылы құрылған Түрген ауылындағы бұл мектепке 1993 жылы Дінмұхаммед Қонаевтың есімі берілді. Қазіргі кезде мектепте 17 ұлт өкілінен тұратын 1042 оқушы қазақ және орыс тілдерінде білім алады. Мектеп басшылығы оқушылар санының артуына орай, қосымша ғимарат салынуын армандайды. Әзірге Тимур сыныптастарымен бірге жас түлек атануға қызу даярланып жатыр. Айнұр Мешітбаева, Тимурдың сынып жетекшісі: – Сыныптың жүз пайызы ҰБТ-ға қатысамыз. Мен ойлаймын барлығы грантқа түседі. Өйткені барлығының сабақ үлгерімі жақсы болған соң, грантқа түседі деген үміттемін. Менің үмітімді ақтайды. Тимур өзі туралы жазылған, көрсетілген жаңалықтардың барлығын қарайды. Пікір жазушылар арасынан оған жар болуға ниетті қыздар да табылған. Тимурбек Жамаладдинов, Д.Қонаев атындағы мектептің 11 сынып оқушысы: – Комментарий оқыған кезде, оқыдым неге үшке оқитын бала алдында отырады дегенді. Мен өзімнің орында отырғандықтан, сол жерде түсірді. Тағы естідім бір қыз тұрмысқап шығамын депті. Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылының бұл қарапайым баласы өзіне көрсетілген ықыластың барлығына қарымта рақметін айтады. Тимурбек Жамаладдинов, Д.Қонаев атындағы мектептің 11 сынып оқушысы: - Қасиеті, тәрбиесі бар адамдардың барлығы солай жасайды деп есептеймін. Мен бірінші кезекте ата-анама, мектеп ұжымына, ұстаздарыма алғысымды білдіремін. Осындай балаларды тәрбиелеп жатқанына. Тимур келешекке Қазақ Ұлттық аграрлық университетін таңдаған. Ендігі арманы жанұясы мен отбасына пайдалы тұлға болу. Достары болса, оның меніздемесін былай берді. Самат Жиенбаев, Д.Қонаев атындағы мектептің 11 сынып оқушысы: - Досқа адал. Көмек керек болса, көмектеседі қолынан келгенше. Өздеріңіз көргендей қарапайым жігіт. Айзада Нағызбаев, Д.Қонаев атындағы мектептің 11 сынып оқушысы: – Әрдайым, маған көмектеседі. Көңіл-күйім түссе де, көңілімді көтеретін әңгімелер айтып. Тест жазып жүргенде аз бал алып қалсам, келесі жолы көтересің деп адамға қолдау білдіріп. Шешуші сәтте тайсалмай сәби тағдырға араша түскен Тимурдың ісі, талай отандасқа үлгі болды. Шынайы ерлікті жарнама үшін емес, адал мақсатта іске асыратын азаматтар осындай болса керек.