Сая Оразғалиеваны тонап кеткен күдіктілер ұсталды. Актриса бағалы заттарын қайтара алды ма?

Сообщить о проблеме с эфиром

Сая Оразғалиеваны тонап кеткен күдіктілер ұсталды. Актриса бағалы заттарын қайтара алды ма?

Өткен аптада Сая Оразғалиева тапа-тал түсте пәтерімді тып-типыл етіп тонап кетті деп дабыл қаққанды. Тіпті, актриса полицейлерсіз-ақ бейнебақылау камералары арқылы өзі күдіктілердің ізіне түскен. Оқиға желісі әрі қарай қалай өрбіді?

Гауһар тасты зергерлік бұйымдары, гаджеттері мен қомақты қаражаты қолды болған күні, Сая Оразғалиева анасы мен ұлын алып небәрі 40 минутқа дүкенге кеткен-ді. Актрисаның элиталы тұрғын үй кешеніндегі пәтерін, бірнеше күн аңдып жүрген әккі ұрыларға осы уақыт жеткілікті болған. Дегенмен, олар қылмыс орнынан дереу із суытып үлгере алмапты.

Сая Оразғалиева, актриса: - Ұрылардың екеуі үйді тінтіп жатқан кезде, біреуі подъезде біздің келіп қалмауымызды қадағалап тұрған. Оралғанымызда сыбайластарына ескертіп үлгеріп, олар жоғарығы қабатқа жасырынған. Олар қарсы алдымыздан шыққанда не боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Себебі, асүйден пышақты алып, заттарды іздеу кезінде қолданған.

Тұрғын үй кешенінің айналасында, подъезде қаумалаған бейнебақылау камералары баукеспелердің бет-бейнесін анық жазып қалған екен. Бұл күдіктілерді іздестіру шарасын жеңілдеткен. Сая Оразғалиеваның айтуынша, тәртіп сақшылары қылмыс болғаннан кейінгі төртініші тәулікте ұрыларды жалдамалы пәтерлерінде ұстады.

Полиция бөлімшесінде Сая күдіктілермен жүзбе-жүз кездескен. Балаларының, аяғы ауыр жарларының барын айтып, кешірім беруді сұрап жалбарынды – дейді актриса. Дегенмен, ұрлыққа әбден машықтанғандар жазадан сытылып кетсе, әлі талай жанды қан қақсата ма деген қауіпі бар.

Күдіктілер Саяның бар мүлкін сатып үлгерген. Медиа-тұлға болғаным үшін мені бақуатты жан деп ойлап қалған,- дейді актриса.

Бүгінде, қамауға алынғандардың өзге қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.