Айдана Шалқар, @aiudna
- «Қазақ эстрадасының аңыз адамы», «Орта Азияның бұлбұлы». Жұрт бұл атаққа тек Роза Рымбаеваны лайық көреді. Иә, біз бүгін Қуанышқызының автограф-сессиясына келдік. Дәл қазір «Жаңбырлы түн» атты үнтаспаның тұсауы кесілмек! Дәлірек айтсақ, грампластинка ұсынады!
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
- Оркестрмен жұмыс істеу, аранжировканың барлығын жасау, қадағалау, одан кейін шығу жолы, қаншама қызметкерлер бар оның ішінде компьютермен үлкен-үлкен мамандармен, оның техникалық жағдайы өзіңіз білесіз көп жұмыс. Соның барлығын ұйымдастырып, жасаған менің ұлым - Әли.
Әли Оқапов, әнші:
- Кейбір жандар цифралық альбомды емес, осындай винильді альбомды тыңдауды өте жақсы көреді. Сондықтан бізге де осындай ұсыныс берілген соң біз 1,5 жыл бойы келісімшарттың барлығын шешіп, дайындалып, осы Роза Қуанышовнаның «Жаңбырлы түн» атты оркестрдің сүйемелдеуімен жазылған альбомын жарыққа бүгін шығардық.
Роза Қуанышқызының қолтаңбасын алуға келгендердің көп болғаны сонша - ине шаншар жер болмады. Презентация соңында Халық әртісі сауал қойып, дұрыс жауап берген жанкүйеріне су жаңа пластинкасын сыйға тартты.
Әли Оқапов, әнші:
- Дәл осы альбомда Роза Рымбаеваның репертуарынан алған ең үздік, ең маңызы зор 13 әнін жазып кеттік. Яғни, «Әлиясы» да бар, «Любовь настала», «Куә болы» да бар, «Құс жолы» дейтін де.
- Бағасы 24 мың теңге екен. Тираж саны қанша?
Әли Оқапов, әнші:
- Бағасын 1-ші рет естіп тұрмын сіздерден, ал тираж саны көп емес, әрі кетсе бір 200-300 шығар.
Айта кетейік, Роза Қуанышқызы осы жылы 67 жасқа аяқ басты! Әр туған күнін сахнада атап өту - оның дәстүріне айналған еді. Десе де биыл әдеттегі концерт өтпеді.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
- 1 жылдан кейін 50 жылдығымды бір-ақ көрсетсем деген ойым бар Алматыда, Астанада.
Роза Қуанышқызына қуаныш сыйлаған оқиға – немересінің дүниеге келуі еді. Тіпті ғаламторда Зейін Оқаповқа қатысты 60-қа жуық мақала жазылған. Десе де Халық әртісі: «Бөбегімізді жиі көрсету – біздің мақсатымыз емес» - дейді.
Роза Рымбаева, ҚР Халық әртісі:
- Біз ондай мақсатымыз жоқ кешке дейін немерені көрсету деген. Біз керісінше біз ондайдан қашқақтаймыз. Ол біздің өзіміздің отбасы, ол кішкентай сәби. Барлығыңызға немере тілеймін. Себебі, ол – ұрпағымыз, ол – нәресте, ол дегеніміз – періште. Ол дегеніміз – өміріміздің жалғасы ең бірінші, содан кйеін өзі сондай тәтті. Мен мұндай махаббат көргем жоқ немереге деген. Ерекше махаббат екен ол.
Айдана Шалқар, @aiudna
- Бүгін Роза Рымбаева 13 әннен тұратын «Жаңбырлы түн» альбомын жарыққа шығарды. Сахнада жүргеніне жарты ғасыр болған Қуанышқызының қолтаңбасын алуға келгендер көріп тұрғандарыңыздай өте көп. Ал, бүгін ұсынылған грампластинка шектеулі тиражбен сатылымға шықты.