Мадина Дәулетқызы, @makeshi_:
Қазір мен түсірім алаңындамын. Байқағандарыңыздай артта нағыз шығармашылық атмосфера орнаған. Луина су жаңа бейнебаянын таспалауға кірісті. Бұл көптен көрінбей кеткен әншінің камбэгі ме? Дәл қазір сұрап көремін.
Еске салсақ, Луина соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын бейнебаян ұсынған еді. Енді міне, әнші араға біршама уақыт салып, тыңдарманын қуантпақ. Ол үшін өнер иесі 30-ға жуық маманды бір жерге жинап, кезекті клипіне білек сыбана кіріскен.
Луина, әнші:
- Қазір енді не болып жатыр бұл жерде, айтып беріңізші?
- Қазір енді өте қуанышты күн. Мен үшін өте бақытты күн, себебі бүгін «Қарағым-ай» атты жаңа әніме арналған бейнебаян түсіріліп жатыр. Бірақ айта кету керек, қазіргі таңда мен де, менің әріптестерім де бейнебаян өте аз түсіреміз. Қазір муд, снип секілді тенденциялар пайда болды.
- Мини камбэк деп айта аламыз ба?
- Менің ойымша, мен әр уақытта бір нәрсемен айналысып жүретін әртіспін. Алайда, үлкен командамен кәсіби түрде түсіріп жатыр деп есептесек, мини камбэк деп атауға болады.
Ал Луинаның мини камбэгі қазақ тіліндегі «Қарағым-ай» атты трегі арқылы болмақ. Әнші бұл жолы композициясын ньюскул өнер иелеріне сеніп тапсырған. Лу солай, қазіргі заман көшінен қалмауды көздесе керек.
Луина, әнші:
- Жақында біздің жастардың қандай креативті екенін түсіндім. Димаш және Рэй есімді композитор мен аранжировщик. Мен оларға референс бердім. Диско стилінде жеңіл ән керек екенін айттым. 2 күннің ішінде дайындап берді. Қазір әнді әртүрлі тілде орындау трендте ғой. Мен қазақ тілі мен ағылшын тілін араластырғым келді. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Ән махаббат туралы. Түрлі сезім, эмоцияға толы ән.
Түсірілім алаңында үлкен команда ішінде Луинаның жары жоқ. Ерлі-зайыптылар бүгінде екі елде, бір-бірінен бөлек өмір сүріп жүр. Артем бұл күндері Дубайда көлікті жалға беру бизнесімен айналысады.
Луина, әнші:
- Біз негізі 2 елде тұрамыз. Мен өнер адамы болғандықтан бұл мен үшін үйреншікті әрі ыңғайлы. Күйеуім басқа елде болған соң оны сағынамын, әрине. Мен әр 2 апта сайын ұлыммен бірге күйеуіме барып тұрамын. Кейде күйеуім Алматыға ұшып келеді.
Әзірге әнші Біріккен Араб Әмірлігіне көшуге асықпайды. Есесіне, елде Луинаның болашаққа құрған жоспарлары жетерлік.
Луина, әнші:
-Луина болып шыққаныма 12 жыл болды. Барлығы менен «жеке ән кешің қашан болады?» деп сұрайды. Осы жылдың қыркүйегінде тыңдармандарымды жеке ән кешіммен қуантамын деп ойлап жүрмін.
- Лайв форматта бола ма?
-Әрине, жанды дауыста ерекше шоу болады. Супер командамен үлкен концерт өткіземіз.
Мадина Дәулетқызы, @makeshi_:
Луинаның жаңалығы осындай. Олай болса, клиптің презентациясын күтеміз!