«Қазақстан Аруы» байқауының шымылдығын трендтен түспей жүрген музыкант Нұрболат Қанай түрді. Өнерпаздың «Ол қыз» трегіне сұлулар «Аруназ» сән үйінің жаңа топтамасымен бой көрсетті.
Қанай аталмыш хит композициясының сөздерін қатысушыларға арнап өзгерткенін айтады. «Меховая 8/1» тобының әншісі: «Конкурста арулардың сұлулығы ғана емес, өзіндік ерекшелігі болуы маңызды», - дейді.
Нұрболат Қанай, «Меховая 8\1» тобының мүшесі:
– Ерекшелік қой, ең басты мен ерекшелік деп ойлаймын. Ерекшеленіп тұру керек қой бір сөзбен айтқанда, әлем бір «Уау» деп «Мисс Казахстана» деген сияқты.
«Қазақстан Аруының» 25 жылдық мерейтойына орай шара жаңаша форматта өтті. Бұл жолы әдеттегідей сұрақ-жауап және барлық қатысушылардың өнерін тамашалау сайысы болмады. Оның орнына қыздар жайлы арнайы видео роликтер назарға ұсынылды.
Сұлулық сайысының ұйымдастырушыларына биыл 2020-2021 жылдың аруын бірден таңдауға тура келді. Себебі, пандемияға байланысты былтыр конкурс өткізілменген-ді. 2019-дың жеңімпазы Мадина Батық: «Жобаның арқасында өз брендімді аштым», - дейді.
Мадина Батық, «Қазақстан Аруы 2019»
– «Қазақстан Аруы» конкурсы менің бағымды жақты деп айтар едім. Себебі, мен өзімнің брендімді шығардым, киім тігумен айналыса бастадым. Ең бастысы сайыс қыздардың болашағына сенімділік береді.
Әр қаладан ұсынылған 10 қыздың арасынан үздігін онлайн таңдау қазылар алқасының құрамына енген әнші Мәдина Сәдуақасоваға сеніп тапсырылған.
Мәдина Сәдуақасова, әнші:
– Әрине қыздарды таңдаған кезде, аруды таңдаған кезде, бірінші қараған кезде барлығы сұлу. Біреу өзінің сүйкімділігімен, біреу бір ерекше қылығымен, бет әлпетімен, дене бітімімен. Бірақ жалпы осындай байқаулардың өзінің ерекше бір шарттары бар екен, параметрлары бар қыздарды таңдауда, сондықтан бір соған сүйеніп осындай таңдау жасадық.
Сайыста топ жарған 5 қыздың арасынан жеңімпазды анықтау, көрерменнің дауыс беруіне байланысты болды. Онда ең көп қолдау жинаған үш қыз басты жүлдеге ие болды. Соның бірі «Әлем Аруы» конкурсына жолдама алған Ақтөбе қаласының тумасы Назерке Қарманова.
Назерке Қарманова, «Қазақстан Аруы 2021»
– Мүлдем күтпедім, шынымды айтсам, өйткені, осы жылы яғни барлық қатысушылар өте талантты, өте әдем болды. Сондықтан менде шынымды айтсам ондай үміт болмадым.
Сондай-ақ, «Жер Аруы» сайысына Анна Глубоковская таңдалса, «Ғаламшар Аруы» конкурсында еліміздің намысын Айдана Ахантаева қорғамақ.