Қатысушылар, өз араларында біріншілікке 250, екіншіге 150, үшінші орынға 100 мың теңгені бөліске салды. Онда бәріне берілген тақырып ортақ.
Алина Ақылбекова, «Елбасы медалі» жобасының үйлестірушісі:
– Қатысушылардың шығармалары тәуелсіздікке, Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне бағышталды. Жарысқа 160-қа жуық адам қатысып, оның 49-ы жартылай финалға жолдама алған болатын. Солардың арасынан тек 3 жеңімпаз анықталды.
Бас жүлде Шығыс Қазақстан облысының тумасы – Нұрболат Жайдарға бұйырған. Нұрболат әлі мектеп оқушысы. Сонымен қатар, соңғы екі жылдықта музыкамен айналысады, битмейкер.
Нұрболат Жайдар, рэпер:
– Бұл конкурсқа дайындаған рэпімнің минусовкасынан яғни битінен басқасының бәрін түгел өзім жасадым. Текст, запись, аранжировка, сведениені толықтай өзім жасадым.
Сонымен қатар Нұрболат жарыс барысындағы қиындықтарды да айтып берді. «Бейнероликті түсіру кезінде Өскемен бірден суытып кетті. Одан бөлек бұл менің алғашқы ірі жобам. Әнді өңдеу де оңай болмады», - дейді ол.
Нұрболат Жайдар, рэпер:
– 250 мың теңге ұттым. Қаражаттың үштен екі бөлігін ата-анама берем. Ал қалған бөлігін өзімнің үйімдегі кішігірім студиямды дамытуға жұмсаймын. Гитара аламын. Клавиатура аламын және де осы музыкаға қажетті құралдарды алатын боламын.
Екінші орын Қуаныш Шалқаров есімді әскери қызметтегі азаматқа бұйырса, үштікті Дильназ Жанұзақова түйіндейді. Атыраулық ару жарысқа бар ынтасымен дайындалған.
Дильназ Жанұзақова, рэпер:
– Жалпы конкурстың шарттарымен танысып өткеннен кейін, толықтай дайындықты бастап кеттім. 1 жұмадай уақыт кетті. Осы рэп конкурстан орын алам деп ойлаған жоқпын. Естігенде қатты қуандым. Үшінші орын алғандықтан, жүлде қорым 100 мыңды құрайды. Ең алдымен сол қаражатты ата-анаммен бөлісемін және өзім қатты ұнатып, алғым келіп жүрген микрофонды алғым келеді.
Өнерпаздарға баға берген әділ-қазылардың арасында танымал рэпер Нурик Смит бар.