Сиви Махмуди осыдан 2 жыл бұрын Алматы көшелерінің бірінде жол апатына ұшырағанын, көпке білдірмеуге тырысқан. Жазатайым оқиғадан кейін әншінің «екі қолы сынған, миы шайқалды» деген қауесет сөздер әлеуметтік желіде есіп кеткен еді. Сивидің жақын досы Асхат Садырбайға қоңырау шалғанымызда, ол өз алаңдаушылығын білдірді.
Асхат Садырбай, журналист, Сиви Махмудидің досы:
– Анасы Анара ханыммен сөйлестім. Барлығы дұрыс, қолы сынбаған. Тек бұғанасы шығып кетіпті, иыққа киетін тағып жүр екен. Үйде дәрігерлердің қарауында. Өтірік ақпарат қажет емес.
2019 жылы «Жыл таңдауы» байқауында бой көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген жас әнші Айбек Серікханов осыдан 2 жыл бұрын жол апатына түсіп, бір ажалдан аман қалған еді. Сол кезде жаны қиналса да, біздің тілшілерімізге жағдайын Айбек өзі баяндап берген болатын.
Айбек Серікханов, әнші:
– Қатты жүрген жоқпыз. Бір алпыспен келе жаттық. Сосын алдымыздан «Mercedes-Benz» автокөлігі встречный полосаға шықты. Шыққанда прямо, 2 метр қалғанда алдымнан шыға қалды. Даже бұрып үлгерген жоқпын. Тормозды басып та үлгерген жоқпын.
Ал Қайрат Түнтековтың жасаған жол апаты күллі Қазақстанға мәлім болып, ел ішін бір дүр сілкіндірген еді. Тіпті, әнші сол үшін 40 күн абақтыға да отырып шықты. Ірі көлемде айыппұл мен өтемақы төледі. Осы оқыс оқиғадан соң Түнтеков біраз жылдар бойы сахнадан көрінбей кеткен еді.
Қайрат Түнтеков, әнші:
– Он төрт жылдың ішінде біраз нәрсені көрдік, үйрендік. Сондықтан Қазақстанда өзіміз жүре береміз осылай жұмыс жасап.
Қара жолдың қателікті кешірмейтінін бәрі жақсы түсінеді. Сонда да, рөлге мас күйінде отырып, құқық қорғау қызметкерлерінің құрығына түскен танымалдар да бар. Солардың бірі – Жадыра Құтпанова. «Дауыс Интернешнл» тобының экс-әншісі 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылып, айыппұл төлеп құтылған енді.