Балалар тек Батыстың баспасын оқып жүр! Бұл бизнесмен, идея авторы Айбек Қуатбайдың пікірі. Кәсіпкер кітап шығару туралы ойға: «Ұл-қызымызға оқып беретін қазақша ертегілер жоқ», - деген ата-аналардың толассыз өтініштерінен кейін келген екен.
Айбек Қуатбай, жобаның негізін қалаушы, идея авторы:
– 40 миллионнан көп инвестиция салдық. Алдағы уақытта, бұл кішкене ғана бөлігі деп ойлаймыз. Мақсатымыз 50 кітапқа дейін шығару және ертегі санын тоқтатпай 10 мыңнан асыру.
Ал жобаның басынан, аяғына дейін жүріп, жәрдемін берген Асхат Садырбай қазіргі жастардың кітапқа құмар екенін айтады. «Тек бүлдіршіндерді қызықтыра білу қажет», - деген журналист осы жолда қандай жұмыстың атқарылғанын да айтып берді.
Асхат Садырбай, журналист:
– Кітап жүзінде ғана емес, сонымен қатар бәріміздің қолымыздағы смартфон, ұялы телефондардың ішінде мобильді қосымша арқылы да аудио нұсқаларын жасап, сол ертегілердің, кәсіби дикторларға оқытып ол ертегілерді.
«Осы жерде, ертегілерді мобильді қосымшаға жүктеу арқылы балаларды тағы телефонға тәуелді етпейміз бе?» – деген сұрақ туындайды. Оған журналист былай жауап берді:
Асхат Садырбай, журналист:
– Кітаптың өзінің орны бар, гаджеттің өзінің орны бар. Біз ол екеуін мүлде салыстыра алмаймыз. Өйткені кітаптың өзінің атқаратын рөлі бар. Ал енді гаджет мүлде бөлек нәрсе. Біз гаджет арқылы интернетке шығамыз. Көп мүмкіндікке қол жеткіземіз. Уақытымызды үнемдейміз. Көп нәрсені көреміз. Видеоларды қараймыз, аудиоларды тыңдаймыз.