Тылсым мен тақсыретке толы тағдыры бар ақынды ойнау оңай емес! Бұл басты кейіпкер Мұқағалиды сомдайтын Азамат Сатыбалдының пікірі. «Сценарийден бөлек, сыртқы келбетті келтіру тағы бар. Қолымнан келді деген үміттемін», - дейді ол.
Азамат Сатыбалды, актер:
– Мен осы рөлді ойнау үшін 10 килограммға семірдім. 82 килограммнан 92 килограммға дейін жеттім және де алғашқы үш сериасын сол 92 килограммен ойнадым. Одан кейін соңғы күндері біз демалып, мен диетаға отырдымдағы 8 килограмм қайтіп тастадым.
Азаматқа ең ауыр тиген, аурухана сахналары екен. Тіпті, актерды түсірілім тобы аяп кеткен. «Бірақ мен өз өзімді мүсіркемедім. Атамыздың әруағы риза болсын деп, барымды салдым», - дейді.
– Актерлар кейде құрбандыққа барады. Әрине өте қиын. 5 күн, 6 күн таза суға отыру. Әлсіреп қалдым. Съемкаға келгенде группалардың барлығы мені аяп, жүректері ауырып, не болып кеткен түріңіз деп... Енді солай болу керек болды. Енді ауруханадағы адамды сен қалай топ-толық болып көрсетесің.
Ақынның жарын Ақбота Рахат сомдайды. Одан бөлек туындыда: Асан Мәжіт, Рүстем Жаныаманов, Мақсат Сәбитов төбе көрсетеді. «Құрам жіті таңдалды», - дейді фильм режиссері – Дархан Сәркенов.
Дархан Сәркенов, режиссер:
– Бұл сериалды түсірмес бұрын Мұқағали атамыздың туысқандарымен, Азамат аға барып сөйлесті, батасын алды дегендей. Жұлдыз ағаның өзімен кездесті. Мұқағалидың өмірі туралы сұрастырып білді.
Фильмде талай тосын жәйттер орын алған. Каскадерлер келе алмай қалған. Содан кейін Дархан Сәркенов Сатыбалдыға: «Бұл сахнаны өзіңіз ойнап шығыңыз», - деп қолқа салған. «Қорықтым. Бірақ бір қызығы ат тура камераға қарап, жолмен түзу шауып бізді таңғалтты», - дейді Азамат.
Азамат Сатыбалды, актер:
– Мұқағалидың жүгіріп келіп, жайылып тұрған жылқылардың ішінде жайдақ атқа, жүгенсіз отырып, шауып кететін жері бар. Өте қиын сцена. Бір Аллаға сыйынып, аға әруағы қолдасын енді деп, жүгіріп келіп ат тұра қалды, жылқылардың арасынан өтіп. Атқа мініп, шауып кеткен кезде өзім таңғалдым. Анау ат бір өзі актер ат сияқты болды. Тып-тыныш түзу ғана шапты.
Тағы бір тылсым жайт: Қарасазға түсірілімге барғанда ауа-райы 3 күн қатарынан жаңбырды көрсеткен. «Бірақ біз болған уақытта бір тамшы да жаумады. Бұл да атамыздың тегін адам емес екенінің айғағы», - дейді түсірілім тобы. Фильм осы күзде көрерменге жол тартады.