Ресейлік киногерлердің каринасы Венеция кинофестивалінің бас жүлдесін иемденуі әбден мүмкін! Наталья Меркулова мен Алексей Чуповтың құқық қорғау қызметкерлері жайлы таспалаған «Капитан Волконогов бежал» фильмі «Алтын арыстаннан» үмітті.
Еске салсақ, аталмыш лентаны Ресей, Франция және Эстония елдері бірігіп таспалаған. Бұдан өзге, басы-қасы 59 мемлекет қатысып жатқан кинобәйгеде талай лентаның тұсауы кесілмек. Мәселен, Мэгги Джилленхолдың тұңғыш рет режиссер ретінде таспаланған «Потерянная дочь» фильмі. Онда басты рөл талантты актриса Оливия Колманға бұйырған.
Ал Оливия Колманға Кристен Стюарт бәсекелес атанбақ! Жас актрисаның сомдауымен, Диана ханшайым туралы атышулы «Спенсер» фильмі де бас жүлдеге таласқа түседі. Тарихи туынды Ұлыбритания ханшайымы өмірінің 3 күні жайында.
Сондай-ақ, кей киносыншылар Редли Скоттың «Последняя дуэль» фильмін де гранд-приге лайықтылар қатарынан көреді. Онда Мэтт Деймон, Адам Драйвер және Бен Аффлек бой көрсеткен.
Тимоти Шаламе мен Зендая да Венеция кинофестивалінде! Жас таланттар бас кейіпкер атанған «Дюна» лентасы да сайыста жүлделі болу үшін таласқа түспек. Тіпті, туындының тұсауы да кесіліп үлгерді.
Тимоти Шаламе, актер:
- Фильм фантастика болғанымен, көрерменге айтары бар. Біз заманауи көзқараспен өмірдің нағыз құндылықтарына тура қарай алуымыз қажет. Жоба авторлары үшін ғана емес, мен үшін де лента өте маңызды.
Зендея, актриса:
– Өте көп уақытты түсірілімге жұмсадық. Бұл фильмнің сапалы болуы үшін жасалған еңбек. Көрерменнің көңілінен шығады деген үміттеміз.
Ал 11 күнге созылатын Венеция кинофестивалінде қазылар алқасына төрағалық ету оңтүстік кореялық режиссер Пон Джун-хоға сеніп тапсырылған. Еске салсақ, киногер «Оскар»-дың төрт бірдей мүсіншесін жеңіп алған «Паразиты» фильмімен танымал.