Отандық көрермен тағатсызда тосып жүрген фильмнің бірі - «Боксер» лентасы. Ақан Сатаевтың биографиялық спорттық драмасы 26-шы шілдеден бастап үлкен экрандарға жол тартпақ. Еске салсақ, Серік Сапиев жайлы тарихи туынды 3 жыл бұрын қолға алынған еді.
Ақан Сатаев, режиссер:
– Фильмге жақсылап дайындалдық. Жобаға кіріспес бұрын, біз оны қағазға түсіріп аламыз. Серік Сапиевтің биографиясын толығымен зерттедік, ата-анасымен арнайы таныстық. Бұл өте маңызды.
Қазақ киноиндустриясы киноқоржынына қосылатын тағы бір картина - «Портье: Мальчик на побегушках» лентасы. Дәурен Серғазин басты рөлді сомдайтын фильмнің тұсауы қазан айының 7-сінде кесілмек. Продюссер Тимур Бақтыбаев карантинге қарамастан осымен үшінші туындысын ұсынбақ.
Тимур Бақтыбаев, продюсер:
– Қорқыныш жоқ ондай. Себебі мен өзім көрдім, кинотеатрларға адамдар барып жатқанын. Ешқандай қорқыныш жоқ екенін. Халық жалпы киноны сағынғанын көрдім. Неге мен тоқтау керекпін. Мен кімді күтемін.
Ал көптен күткен «Бизнес по-казахски в Турции» фильмі жаңа жыл қарсаңында көрермен назарына ұсынылады. Нұрлан Қоянбаев картинасын әдеттегідей мерекеге сақтап отырғанын айтады. Оған қоса продюсер кинотеатрлардың 100 пайыз ашылуына үмітті.
Нұрлан Қоянбаев, кинопродюсер:
– Бәріміз біртүрлі сезімде тұрмыз. Бұйырса бәрі бітсін. Алла қаласа шығамыз. Біз 100 пайыз кинотеатр ашылғанын күтеміз. Өйткені біз өзімізде сол жалғыз киномыз. Жыл сайын шығатын, сондықтан да біз кинотеатрлардың әрине күтеміз.
Нұрлан Қоянбаев сондай-ақ, бұл уақытта «Бизнес по-казахски» кейіпкері Еркошқа арналған «I go to school» лентасын да жарыққа шығармақ.
Аты аталған фильмдерден өзге отандық киногерлердің карантин кесірінен, сақтап отырған картиналары жетерлік. Соның бірі - Асқар Бисембиннің «Супереагент келинка» лентасы. Ерек туынды 1 жыл бұрын таспаланып қойған-ды.
Асқар Бисембин, режиссер:
– Барлығы той, құдалық деп айтып жатады. Мен ол уақыт өтеді дейтінмін. Әр трендтің өз уақыты болады. Сондықтан жаңашылдыққа ұмтылу ол қалыпты жағдай.
Сондай-ақ, Бүркіттің «СуперӘгенты», Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина 3», Құралай Анарбекованың «ТойХана» және «Хотя бы кинода» сынды ленталарының қашан жарық көретіні әзірге белгісіз.