Шоу-бизнес өкілдері де студент болған! Бірақ бітірген оқу орны өнер әлеміне мүлдем қатысы жоқ жұлдыздар жетерлік. Мәселен, мектепте математикаға жүйрік болған Айгерім Қалмұратова дипломы бойынша бухгалтер қызметін атқаруы тиіс еді. Алайда, қазір ол нәпақасын актриса болып тауып жүр.
Айгерім Қалмұратов, актриса:
– Көріп тұрғандарыңыздай бухгалтер болған жоқпын. Әлі өмірді көрмей дұрыс мамандықты таңдай алады деген кішкене қиын болады деп ойлаймын. Ата-анасы айтқанымен сен дәрігер бол десе де, ол баланың өсе келе осы өмірді көре келе ол бәрібір ойлау қабілеті жаңағы мамандық өзгереді ол.
Заңгер мамандығын бітірген Гүлшарат Жұбаева: «Ата-ана баланың болашағына жоспар құрарда ұл-қызының ойын тыңдағаны дұрыс», - дейді. Актриса түлектер қандай оқуды бітіріп диплом алса да, түбінде өзі қалаған кәсіппен айналысатынын сенімді.
Гүлшарат Жұбаева, актриса:
– Көбіне енді ата-анам мені жаңағы заңгер немесе экономист деген сияқты мамандықты алады деп ойлаған болатын, бірақ бәрібір өнерге қайтып келдім. Заңгер болып жұмыс жасаған жоқпын, жасасамда кішкентай уақыт қана жасадым, бәрібір адам өзінің жүрек қалауына қайтып келеді екен.
Ал Ғазизхан Шекербеков өмірінде мамандық таңдаудан жаңылмағанын мақтана айтады.
Ғазизхан Шекербеков, әнші:
– Бала кезімізден осы өнерде жүргеннен кейін мен бәлкім бірінші класс, 2-3 класс оқып жүргенде осы түсіне бастаған кездерде-ақ біліп жүрдім мен сол кейін музыкаға баратынымды.
Өнер әлеміне кездейсоқ келмеген әнші: «Қазіргі жастар мамандық таңдауда ешкімнің кеңесіне тәуелді емес», - дейді.
Ғазизхан Шекербеков, әнші:
– Қазіргі жастар негізінде өте сауатты, бұрыңғыдай ата-анасының айтқанымен бара салу қазіргі жастарда жоқ. Алтыншы-жетінші сынып оқитын жігіттер мен қыздармен сөйлессеңдер де өте көздері ашық.
Айдын Жұмахан жастарға мамандық таңдауда екі ортада өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтындай шешім қабылдауға шақырады. Әнші балаға ата-ананың ақылы керек, бірақ жеке тұлға ретінде өз ойы өте маңызды деген ұстанымда.
Айдын Жұмахан, әнші:
– Түлектерге негізі ата-анасын тыңдап, тыңдау керек қой обязательно, бірақ өзінің жүректерін тыңдаған абзалырақ болады деген ойым бар. Өйткені әркім өзінің жақсы көретін ісін істеп солай жұмыс жасау керек деп ойлаймын.
Болашақта өміршеңдігі жоғалмайтын топ-5 мамандық бар. Олар – мұғалім, дәрігер, архитектор, инженер, IT маманы. Карантин де жаңа қызметтердің пайда болуына өз септігін тигізген екен. Бұл тізімге киберқауіпсіздікті қамтамасыз ететін маман, биоинженер, 3D баспа инженері, нейропсихолог секілді кәсіп түрлері қосылды.