Иә, 2020 жылдан бері етек алған «COVID-19» дерті, өнер өкілдерін де айналып өтпеді. Бизнесмен – Қайрат Құдайбергеннен бөлек, коронавируспен ауырғандар тізімінде – Айқын Төлепберген бар. Сол уақытта әншінің жары – Жұлдыз Өмірғали да дәм сезбей, дәл аталмыш кеселге шалдығыпты. Айқын: «Елімізде жағдай әлі де тұрақталмай жатыр. Сәл әлсіздік сезсеңіз, ешқайда шықпағаныңыз абзал», - дейді.
Айқын Төлепберген, әнші:
– Бұл індеттің, бұл коронавирустың таралмауының жалғыз ғана жолы бар, жалғыз ғана жолы – үйде отыру. Себебі сіз өзіңіз білмей ауырып тұрсаңыз, сыртқа шығып басқа адамдарға жұқтыра аласыз. Ауырмай тұрсаңыз сіздің подъезіңізде бір адам ауырып тұрса, сіз одан жұқтыра аласыз және қолмен ұстау арқылы, ауа арқылы.
Өткен жылдың шілдесінде ковидке белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да шалдықты. «Қызуым бірден 37,6 көтеріліп, тершіп кеттім. Әлсіздік болды. Мен көкөніс пен жеміс көп жедім. Көмектесті», - дейді Ләйлә. Ел тұрғындары әлі де, бекітілген ережелерлді сақтамай жатқанын жеткізген Сұлтанқызы қағидаларды қатайту керектігін айтады.
Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші:
– Сақтық шараларын ескерткеніміз жөн. Сол сақтық шараларын менің ойымша, сақтық шараларын ұстанбаған, сақтық шараларына бағынбаған адамдарды мүмкін жазаға тарту керек шығар.
Ал актер – Фархад Абдраимов коронавируспен 2020 жылдың қаңтарында, әлі мемлекет ресми мәлімдеме жасамай жатып ауырыпты. Дем қысып, пневмония болған ол, үйде ем алған. Ковид екенін кейін білген. Абдраимов 1 жылда талай таныс пен достан айырылғанын айтып, маска мен санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Фархад Абдраимов, актер:
–Көптеген туыс-бауырдан, достардан көз жазып қалып жатырмыз. Көрсеткіш күн санап өсуде. Сондықтан сақтанып жүрейік.
Иә, актер Абдраимов айтып отырған, ковид кесірінен бақилық болып кеткен өнер өкілдері жетерлік. Театр және кино майталманы – Дархан Дайырбек, «Nomad Stunts» каскадерлік клубының каскадері – Мұрат Мұқашев, дизайнер – Берік Исмаилов та бұл тізімде.