Елімізде коммерциялық комедиялар көп болғанымен, авторлық картиналарды таспалап жүргендер жоқ емес. Ермек Тұрсынов, Жасұлан Пошанов, Эмир Байғазиндер төл туындыларымен талай халықаралық фестивальдерде танылып жүр. Мәселен, Байғазин 2018 жылы Венеция киносайысында «Өзен» фильмімен арнайы жүлдені еншілеген болатын.
Авторлық киносыз, күллі мәдениет өледі! Ал дәл осы сөздерді ұран еткен Әділхан Ержанов болса, әр картинасының тұсауын Канн, Венеция, Торонто сынды халықаралық кинофестивальдерде кеседі. Тіпті, ол «Қап қара адам» картинасымен «Asia Pacific Screen awards»-та «Үздік режиссер» атанған еді.
Әділхан Ержанов, режиссер:
- Егер өзіңе сенімді болсаң үмітің де әрқашан ақталады. Ол жерде әйгілі режиссерлар болды. Әрине маған үлгі тұтатын киномайталмандармен бірге бақ сынау қорқыныш тудырды. Сондықтан болар жүлде аламын деп ойламадым.
«Қап қара адам» картинасындағы шеберлігі үшін Данияр Алшынов та «Үздік актер» марапатын еншілеген еді. Әріптестерінің мұндай жетістігі, отандық актерларға шалқар шабыт сыйласа керек. Бүгінде авторлық кинода төбе көрсету әр киногердің арманы. Дәурен Айдарқұлов мұндай жобаларға қатысу үшін кәсіби білімнің қажет екенін айтады.
Дәурен Айдарқұлов, актер:
- Енді сәті келер менің өзімнің ниетім бар ондай жобарларға қатысуға. Сол себепті ондай сол ұсыныстарды күтеміз. Неге екенін әзірше мен білмеймін. Енді мүмкін менің кәсіби мамандығым жоқ шығар. Біз бәріміз квн-піз өзіміз былайша айтқанда, квн-нан алғанымызды қолданып жүрміз.
Коммерциялық жобаларымен әйгілі Баян Алагөзова да енді авторлық туындылармен танылуды көздейді. Продюсер күні кеше тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбындағы тырнақалды төл туындысын таспалады.
Баян Алагөзова, продюсер:
- Қазір әлемдік деңгейдегі Канн, Берлин сынды байқау ұйымдастырушыларымен сөйлесіп жатырмыз. Еліміздегі бұл мәселе назарсыз қалмағанын қалаймын.
Еске салсақ, аталмыш картинаны Мақсатқызы краудфандинг әдісімен қаржы жинап, түсірген болатын.