Кино мен ТВ саласының үздіктерін анықтайтын «Алтын глобус» салтанаты да карантин талаптарына қарсы тұра алмады! 78-ші мәрте ұйымдастырылып отырған киношара онлайн форматта өтті. Айтулы видео конференцияға шоу-бизнестегілердің бірі смокинг пен көйлек киіп, үлкен ыждаҺадтылықпен дайындалса, енді кейбірі үй киімімен тікелей эфирде төбе көрсетті.
Ең қызығы, кеште екі тележүргізуші екі түрлі локациядан эфирге шығып, халықты күлкіге қарық қылды.
Көптің көңілін көтерген конференцияда «Көшпенділер жері» драмалық фильмі триумфатор атанды. Сондай-ақ, лента режиссері Хлоя Чжаоның да еңбегі елеусіз қалмады.
Көптің талқысына түскен, атышулы «Борат» сиквелы да бұл кеште назарсыз қалмады! Талайдың ашуын тудырған картинаның жалғасы үздік комедия ретінде танылса, Саша Барон Коэн «Үздік комедиялық актер» атанды.
Саша Барон Коэн, актер, продюсер:
– Голливудтық және шетелдік прессаға рахмет! Бұл фильммен танымалдылығым арта түсті. Сондай-ақ, кинодағы әріптесім Мария Бакалаваға рахмет. Киндағы еңбегі үшін.
Ал «Құрама Штаттары Билли Холидейге қарсы» туындысы арқылы асқан шеберлігімен көзге түскен Андра Дэй «Үздік драмалық актриса». Өнер иесіне мәртебелі марапатты Хоакин Фенкстің өзі табыстады.
Netflix-тің хитке айналған «Тәж» телехикаясы да лауреаттар тізімінен табылды! Екінші Елизаветаның өмірінен сыр шертетін сериал үш бірдей мүсіншені еншіледі. Оның ішінде «үздік драмалық сериал» аталымы да бар.
Ал анимациялық туындылар арасынан топ жарған «Жан» лентасы болды. Фильмдегі басты идея карантиннен соң, көпті толғандырса керек.
Айтпақшы, «Алтын глобус» ұйымдастырушылары өмірден өткен Чедвик Боузманды да атап өтуді жөн көріпті. Марвел жұлдызы ««Ма Рейни: Блюздың анасы» картинасындағы рөлі үшін «драмалық фильмдегі үздік актер атанды.