Өнер өкілдерінің парақшасында оқырман артқан сайын, жарнама берушілер де көбейе түсетіні рас. Алайда шоу-бизнестегілер: «Тексерілмеген тауарды фалловерлерге ұсынып, мойынға жауапкершілік жүктеуден аулақпыз», - дейді. Q-pop ханшайымы Зируза сондықтан «өте сирек, бірақ тек ауқымды жарнама алатынын айтады.
Ziruza, әнші:
- Оның да бір шектеуі бар. Яғни инстаграмда біз тек қана табыс қоры емес ол жерде біздің тыңдармандарымыз да бар. Сенің парақшаң жарнама парақшасы болып кетпеуі керек те. Менің ойымша ол жағынан біз жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Тек қана үлкен ауқымды жарнамалар ғана болса соған келісіміміз бар. Ал, былай кішігірім кішкентай жарнамаларды алмауға тырысамыз.
Әр жарнамалық постына жауапкершілікпен қарайтындардың қатарында әнші Салтанат Бақаева да бар. Өнер иесі: «Өзім пайдаланып көрмесем, тауарды өтірік мақтай алмаймын»,- дейді. Ал құмар ойындары мен жеңіл табыс көзін ұсынатындарды тіпті қара тізімге енгізуге дайын.
Салтанат Бақаева, әнші, актриса:
- Мен кез келген дүниені жарнамалай берем деп айта алмаймын. Андай бір ойынсымақ, казино деген нәрсені мүлдем жарнамаламаймын. Ондай ұсыныстар келіп тұрады. Ставки деген сияқты. Мен ондай нәрсеге бармаймын өйткені ондай нәрседен көп адам зардап шегіп жатыр. Менің ойымша ол тіпті күнә деп ойлаймын.
Еске салсақ, өткен жылы дәл осылай оқырманына жеңіл жолмен табысты болуды жарнамалаймын деп бір топ танымал көптің алғысын емес, қарғысын алған еді. Өнер өкілдері: «Өзіміз де опық жедік», - деп, олқылығы үшін артынша халықтан кешірім сұраған болатын. Олардың қатарында Айқын Төлепберген, Мейіржан Түребаев, Артур мен Асылхан Төлеповтер бар.
Есесіне, Динара Қырықбаева әріптестерінің бұл жағымсыз оқиғасынан сабақ алуға тырысқан. Әнші: «Жарнама жасамас бұрын, ұсыныстарды қатаң сүзгіден өткізуді әдетке айналдырдым», - деп отыр.
Динара Қырықбаева, әнші, вайнер:
- Бір блогер осыны алды мен де ала салайын деген көп болады, бізде ондай мүлдем болмайды. Әрине біз жарнама аламыз бірақтан қатты оны прям командамен отырып қараймыз. Мысалы табакты, алкоголь және біз похудение таблеткалар болады , ондайды алмаймыз. Өйткені мен алдағым келмейді адамдарды.
Еске салсақ, бір кездері желіде Ләйлә Сұлтанқызы мен Баян Алагөзованың суреттерін қолданып, арықтауға арналған дәрілерді жарнамалаған алаяқтар көбейген еді. Мақсатқызы тіпті оларды жауапқа тартуға талпынған да еді.