Айғаным Жалинова шетелді өнерімен бағындырмақ ниетте осыдан 2,5 жыл бұрын Сеул қаласына арнайы қоныс аударған-ды. Талай кастингтің табалдырығын тоздырған ол, кейіннен Оңтүстік Корейлік «Alpha Ray» гелзбендінің мүшесі атанады. Айғаным үшін бұл ұжымның құрамына өту оңай болмаған көрінеді.
Айғаным Жалинова, әнші:
- Мен осы әншілік, осылай шығармашылық бағытына келуімнің бір себебі, кішкентайымнан бері ән айтам, фортепиано, домбыра тартып өстім және де әнді өте қатты жақсы көрдім. Қазір әннен де қатты жақсы көретінім ол би болады.
Алайда Айғаным аталмыш ұжымда ұзақ өнер көрсетпеді. Әнші қызға Оңтүстік Корейлік «SG Entertainment» лейбылымен келісімшартты бұзуға тура келген. Еске салсақ, Жалинова дайындықтан өткен «Alpha Ray» тобы ресми түрде дебют алмады.
Айғаным Жалинова, әнші:
- Мен осы 2020-шы жылы кореядағы «SG Entertainment»-тің стажері болдым. Бірақ өкінішке орай 28-ші желтоқсанда контрактым жойылды. Оған бірнеше қолайсыз себептер болды.
K-pop-тағы алғаш қазақ қызы атанған Айғаным «Alpha Ray» ұжымына жарты жылдан астам уақытын арнағанын айтады. Ал «SG Entertainment» тек 4-ші қараша күні Жалинованы өз әртісі деп таныстырған.
Айғаным Жалинова, әнші:
- Негізі «Өнер жолы өте ауыр жол», - деп айтады ғой және де Кореяда одан да ауыр деп айтады. Бірақ мен өзім таңдаған жол болғандықтан, өзім таңдаған өмір болғандықтан ешқандай қиын деп ойламай. Қандай қиындық болса да, қандай қиындық іс болса да мен барлығына төтеп беріп, тек жақсы ойларды ғана ойлап. Осы күнге дейін келген болатынмын.
Топтан кетсе де, Айғаным шығармашылығын тоқтатпақ емес. Бұл күндері оған өзге өнерпазға өзге корейлік музыкалық лейблдар ұсыныс білдіріп жатқан көрінеді. Алайда әзріге Жалинова, нақты бір шешімге келмеген көрінеді.
Айғаным Жалинова, әнші:
- Бірақ мен мойымаймын, тек алға қарай жүре беремін. Қазірде басқа компаниялардан ұсыныстар түсіп келіп жатыр. Сіздерге қолдауларыңызға өте көп көп алғысымды білдіремін.