Иә, 2020 жыл тек жаһанды жаулаған кеселмен ғана емес, шоу-бизнес өкілдерінің сұраған кешірімдерімен және жанжалдарымен есте қалары анық.
Қазақстан төтенше жағдайға енгеннен, Ернар Айдар өзі бірнеше ай жарнамалаған лотереясын ойнатпақ болады. Бірақ бұл жолы ұтыс ешкімге бұйырмады. Алматы қаласынан 1 бөлмелі пәтер, 4 автокөлік. 9900 теңгеден, 20 000 мың билет, жалпы соммасы 198 миллион теңге... Кейіннен хитмен бұл істе кәугер ретінде түсініктеме бергені белгілі болды.
Ернар Айдар, әнші:
– Сол ұтыс ойынын ұйымдастырған ұйымдастырушылардың барлығы қамауда. Алматы қаласы экономикалық тергеу департаменті тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол тергеу жұмыстарының әділ өтуіне мен де өз тарапымнан көмегімді беріп жатырмын. Сол тірлікке жарнама жасаймын деп, мен де алданып қалдым ағайын.
Одан кейін желіге карантин кезінде ойын-сауық орындарының бірінде тәртіп сақшыларына ұсталған Арман Қоңырбаевтың видеосы тарап кетті. Онда әнші төтенше жағдай тәртібін бұзғанын мойындайды. Қоңырбаев карантин ережесін сақтамағаны үшін ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы бойынша айыпталып, 10АЕК, яғни 26 510 теңге көлімінде айыппұл төлеп босатылған. Ал өнер иесінің дәмханада отырған таныстары 15 күнге бас бостандығынан айырылған еді.
Арман Қоңырбаев, әнші:
– Заңда қалай айтылды, соның бәрін жасау керек. Оны әрине бәріне айтам. Мен де әрдайым заңға бағынамын. Енді түрлі жағдайлар болып жатады өмірде. Сабыр сақтау керек деп ойлаймын.
Ал Жека Fatbelly болса, үйіне хэйрстилист досын шақырып, шашын қысқартқан сәтін желіге жүктеген. Мұны көрген тәртіп сақшылары вайнерді карантин тәртібін бұзғаны үшін жауапқа тартқан болатын. Кейіннен Жека да кінәсін мойындап, кешірім сұрады.
Жыл басында, киноиндустрия майталмандары ішінде үлкен жанжал болған-ды. Мемлекеттік фильм мен жеке меншік туындылар арасындағы айырмашылық пен алшақтық неден екенін білуге жиналған продюсерлер әңгімесінің соңы, шуға ұласып кетті. «Мемлекеттік картиналарға 600-800 миллион бөлінеді екен. Ал біз 89-90 миллионға түсіреміз. Бұл 10 есе аз. Бірақ біз 10 есе көп табамыз. Неге? Өйткені біз ұрламаймыз. Сонда да сынның астында қаламыз», - дейді Баян Мақсатқызы.
Баян Алагөзова, продюсер:
– Ол жақтағы жағдай өте ушығып кеткен. «Қазақфильм неге бұндай хәлге түсіп кетті?» деген сұрақтың жауабын білуге жиналдық. Шынымен, неге бізде жеке меншік картиналар сұраныста да, ал мемлекеттік кинолар дамымайды? Иә, дискуссия өте агресивті түрде өтті. Өйткені кинопродюсерлердің өкпесі бар. Ол орынды.
Одан кейін карантин кезінде, қарындасына дүркірете той жасап берген Төреғали Төреәлі де біразға дейін жұрттың қызу талқысында жүрді. Кейіннен жұлдызды жанұя үстінен «карантин талаптарын бұзды» деген күдікпен тексеру жүргізілгенімен, ешкімге ешқандай айыппұл салынбады.
Қазан айында ғана шаңырақ көтерген Шәріп Серік пен Say Mo да бүгінде ел аузында. Екеудің ажырасуға шешім қабылдағаны белгілі болды.