«COVID-19» фэшн индустрияны да аямағаны сөзсіз! Пандемия кезінде талай сән үйі өз жұмысын уақытша тоқтатып, тіпті кейбірі мүлдем жабылып қалған-ды. Мәселен, «Burberry» брендінің соңғы тапсырыстары 40 пайызға дейін түссе, «Chanel»-ге Италия, Франция және Швейцариядағы фабрикаларын жабуға тура келген.
Отандық дизайнер Алекс Чжен де карантин еліміздің сән саласына оңай тимегенін айтады. Сәнгер бұл кезең мықтылардың мықтысын ғана іріктейтін сәт болғанын алға тартады.
Алекс Чжен, дизайнер:
– Каранттинның артықшылықтарының бірі - ол әлсіздерді ысырып тастады. Сапасыз дүние жасап, халықты алдайтын талай брендсымақтар азайды.
Алекс Чжен карантиннен кейін, халықтың сәнге деген қызығушылығы азайғанын айтады. Дизайнердің сөзінше, бүгінде спорттық образдар трендке айналған.
Алекс Чжен, дизайнер:
– Карантиннен кейін халық сәнге емес, сапаға көңіл бөле бастаған сияқты. Себебі, бұрынғыдай қымбат киімдерді киюді қойдық. Ол мерекелік іс-шаралардың жоқтығына байланысты емес. Бар болғаны, біз әр нәрсенің құнын түсіндік.
Танымал байер Лилия Рах та жаңа коллекцияларға деген сұраныс азайып, жағдайының қиындай түскенін жасырмайды. Сән маманы карантин кесірінен бірнеше дүкенін жабуға мәжбүр болған. Десе де, ол қиын-қыстау кезеңде де бұрынғыдай әсем киініп, қара бұлтты үйірмеуге шақырады.
Лилия Рах, байер:
– Бүгінде ақ түстің барлық реңктері сәнде. Әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты ақ түс, жақсы ойлауға әсер етеді. Ал қара әрдайым классика болып қала береді.
Енді дизайнерлер: «Карантин созылған жағдайда, шетелдік әріптестеріміз сынды онлайн форматқа өтеміз», - деп отыр.