Жұлдыздардың басын қосқан айтулы шара, қызыл кілемнен басталды. Алайда, арнайы жолақ бойымен өнер өкілдері бір-бірден, сақтық шараларын ескере отырып жүріп өтті. Тіпті, әртістерге жүргізушіден алшақ тұра сұхбаттасуға тура келді.
Еске салсақ, People’s Choice Awards – музыка, кино, телевизия саласының үздіктерін марапаттау үшін осымен 46-шы рет ұйымдастырылып отыр. Салтанатты сайыстың жеңімпаздары көрерменнің дауыс беруі арқылы анықталады. Бұл жылы көптің қошаметіне бөленген – Дженнифер Лопес болды. Әнші «Халық иконасы» мүсіншесін енішіледі.
Алқызыл түсті көйлегімен ерекшелене білген бикеш көсіле сөйлеп, сахнадан кетуге асықпады. Соған қарағанда, Джей Ло ауқымды шараларды сағынып қалған сынды.
Дженнифер Лопес, әнші:
- Биыл бәріміз үшін ауыр жыл болды. Мен де бәрілеріңіз сияқты шаршадым. Бірақ, бүгінгі марапат соның барлығын жуып-шайғандай. Жақындарым, достарым, жанкүйерлерім! Сендерге айтар алғысым зор!
Ал «fashion икона» аталымы киногер - Трэйси Эллис Россқа бұйырды. Сән мүсіншесін еншілеймін деп, актрисаның өзі ойламағандай.
Сондай-ақ, бұл кеште үздік орындаушылар ретінде Оңтүстік Корейлік «BTS» тобы, Ариана Гранде мен Джастин Бибердің есімдері аталды.
Эллен Дедженерес болса, «Үздік күндізгі ток-шоу» номинациясын иеленді.
Қысқасы бұл кештен құр алақан қайтқандар кем де кем. People’s Choice Awards әрбір өнер өкілін ренжітпеуге тырысқандай.