26-шы қазаннан бастап елімізде кинотеатрлар өз жұмысына қайта кірісті! 8 айлық үзілістен кейін күні кеше алғаш болып Атыраулық көрермен үлкен экраннан фильм тамашалады. Отандық кинотеатрлар желісінің РR директоры Ерлан Бұқарбаевтың айтуынша, билетке алдын-ала тапсырыс бергендердің қарасы мол болған.
Ерлан Бұқарбаев, Қазақстандық кинотеатрлар желісінің РR директоры:
– Көрермендер кинотеатрлар ашыла сала телефонға тыныштық жоқ. Барлығы хабарласып билет сұрап жатыр. Бұл деген олардың киноға деген сағынышын көрсетеді. Атырау Ақтауда бірінші күннің өзінде адам өте көп, барлығы фильмді үлкен экраннан тамашаласақ дейді.
Ал көрермен назарына бірінші болып көптен күткен «Любовь на миллион» фильмі ұсынылды! Еске салсақ, Жахан Отарғалиев пен Дина Тасбулатова басты рөлді сомдайтын комедия мамыр айында үлкен экрандарға жол тартуы тиіс еді.
Енді кинотеатрлардағы сақтық шаралары қатаң түрде қадағаланады. Бұл талапты құп көрген актер Мейірхан Шерниязов, орталықтарда вирустың жұқтырудың қаупі жоғары екенін алға тартады.
Мейірхан Шерниязов, актер:
–Алматыда қанша кинотеатр бар. Ал әр кинотеатрдың ішінде қанша залы бар. Театрға адам бармайды, былай айтқанда. Мүмкін даже тек қана демалыс күндері болуы мүмкін. Ал киноатеатрда қалай болады, күніне әр залдың өзінде кем дегенде 7-8 сеанс болуы мүмкін.
Ал Азамат Сатыбалдының кинотеатрлардың ашылуына қатысты пікірі мүлде бөлек.
Азамат Сатыбалды, актер:
– Жалпы менің түсінігімде кинотеатр иелерін түсінуге болады. Өйткені қаншама миллиардтаған ақшадан, қаржыдан айырылып жатыр. Олардың жаңағы налогтары бар дегендей, жұмысшы қызметкерлері бар дегендей.
Еліміздегі бас санитар дәрігердің айтуынша, өзге аймақтардағы кинотеатрлар карантин жеңілдетілгенде ғана ашылмақ. Ал билет құны бәз-баяғыдай бұрынғы бағасында қалады.