Алан Черкасов қазіргі заман талабына сай өмір сүру үшін трендтен қалмауды құп көреді. Сондықтан шоумен өзі ғана емес, қызы Арнеланы да бағалы брендтерден киіндіремін деп отыр. Тіпті, Алан ханшайымына қымбат образдар әперемін деп, біраз сынға қалғанын жасырмайды.
Алан Черкасов, шоумен:
– Өз басым мұндайға қатты мән бермеймін. Бірақ балаларымызды еркелетсек, үлкендер қатты сынап жатады. Мен түсінемін, олардың заманы мүлде басқа болған. Бірақ қазір 21-ші ғасырда барлығы қолжетімді, сондықтан неге балама ең қымбат киім алып бермеске?
Еске салсақ, Алан Черкасов кезінде «AMOuAGE» тобының әншісі Анастасия Клещенкомен заңды некеде тұрған еді. Ортақ қыздары бар жұлдызды жұп, ханшайымдарының бақытты балалық шағы үшін барын аямайтынын айтады.
Есесіне, Зарина Алтынбаева баланың киімінің бағасына аса мән бермеймін дейді. Опера әншісі бүгінде Томирис есімді бір қызды тәрбиелеп отыр.
Зарина Алтынбаева, опера әншісі:
– Киімнің қымбат болуы мен үшін шарт емес. Бастысы жылы әрі өзіне жарасып тұрса болғаны. Меніңше, өз ісімізбен балаларды байлыққа емес, қарапайымдылыққа үйретуіміз керек.
Ал Аян Бірбаевтың қос бірдей бөбегі бүгінде жұлдыз! Ринго тобының әншісі балаларына кішкентай кезінен фотосессия жасап, тик-токта танымал етіп жүр. Бірақ, соған қарамастан, әнші ұл-қызымды бағалы брендтерден киіндірмеймін деп отыр.
Аян Бірбаев, «Rin’Go» тобының әншісі:
- Ешқашан оны балаларыма да кигізбеймін. Мен әрқашанда андай, өзіме ұнайтын, өзімнің көңілімнен шығатын затты киюге тырысамын, тырысқанда емес, киіп жүремін. Айтып отырмын ғой бренд дегенге қатты мән бермеймін. Балаларымды да сондай киіндіремін.
Еске салсақ, отандық әртістердің шетелдік әріптестері арасынан – Кайли Дженнер баласына бағалы киім әперуде жанын салмайды. Әйгілі сәнбике қызы Стормиге бір сөмкені 12 мың долларға сатып алып, жанкүйерлерін таңқалтқан еді.