Мадина Сәдуақасованың Мысырға аттанғанына 2 аптаға жуықтап қалды. Ұлы Әнуарды жанына ерткен өнер иесі Перғауындар еліндегі ең қымбат бес жұлдызды қонақ үйге таңдау түсірген. Аталмыш демалыс орнында 1 тәулік түнеп шығу құны 238 доллар, яғни 100 мың теңгеден асады.
Десе де, лакшери сервиске қарамастан, Мадинаның денсаулығына алаңдаған жанкүйерлер көп көрінеді. Көңілі күпті оқырман Сәдуақасованың инсаграммына жаппай хат жолдап жатыр. Осыған орай әнші түрлі сұрақтарға сторисында жауап берді.
Мадина Сәдуақасова, әнші:
– Шынына келсек, коронавируспен үйде отырып-ақ ауырып қалуға болады. Ал, бұл індеттен абай болу үшін бізге иммунитет қажет. Теңіздің жағасы біздің денсаулығымызға өте пайдалы.
Сәдуақасова сынды шекара ашыла сала шетелге аттанған Жәния Джуринская, Сая Оразғалиева, Дана Есеевалар Түркия еліндегі демалысынан бірер күн бұрын оралса, Балжан Бидаш әлі күнге дейін Стамбұлда қыдырып жүр. Танымалдар – бағасы 99 евро, яғни 60 мың теңгеден басталатын қонақүйде жатқан. Ал, Бидаштың бұл күндері уақытын көңілді өткізіп жатқанын байқауға болады.
Айым Сейтметова болса, Балжанның стористерін қызыға қарап жүрген әртістер қатарында. Еске салсақ, актриса пандемия кесірінен өзінің АҚШ-қа сапарынан бас тартқан еді. Айымның айтуынша, қазіргі қиын сәтте саяхаттан гөрі, денсаулық маңызды.
Айым Сейтметова, актриса:
- Негізі Америкаға виза ашқан болатынбыз 10 жылға, енді мартта барайын деп жатқанда, енді билет алайын деп жатқанда осындай жағдай туындап қалды. Енді өкінішке орай күту керек енді.
Айым енді әлемдегі ахуал толығымен оңалмайынша, шетелдегі демалысын кейінге ысырмақ. Бикеш тек содан кейін күйеуімен көптен күткен бал айына аттанады.