«Тыңшы келін»! Бұл Асқар Бисембиннің оныншы толықметрлі туындысы. Режиссер экшн жанрындағы су жаңа комедиясын осыдан 1,5 жыл бұрын дайындап қойған. Алайда ол, жобаны таспалау үшін қолайлы уақытты күттім деп отыр. «Енді сәті түсті», - деген киногердің айтуынша, пандемиядан кейін той-томалақ туралы картиналар трендтте емес.
Асқар Бисембин, режиссер:
– Барлығы той, құдалық деп айтып жатады. Мен ол уақыт өтеді дейтінмін. Әр трендтің өз уақыты болады. Сондықтан жаңашылдыққа ұмтылу ол қалыпты жағдай.
Асқардың суперагент келіні - Дина Тасбулатова. Ал, оның күйеуін сомдау театр актері - Рүстем Жаныамановқа бұйырған. Еске салсақ, ол бұған дейін «Станция судьбы» және «Жаным ты не поверишь» картиналарында қосалқы рөлдерді сомдаған.
Рүстем Жаныаманов, актер:
- Асқар Бисембинмен мен бірінші рет жұмыс істеп тұрмын. Өте мықты, талапшыл режиссер екен, өте қызық болып жатыр жұмыс барысы. Басында сәл түсініспедік, жаңағы мына образды қалай ашу керек, не істеу керек. Шаш үлгісін қалай қоямыз деген сияқты.
Ерек образды Рүстемнің фильмдегі кейіпкері де ерекше.
Рүстем Жаныаманов, актер:
- Рөл өте қызық. Ерлан атты кейіпкерді ойнаймын. Мамасының баласы. Сол мамасының айтқанынан шықпайтын. Соның айтқанын істейтін. Есейе келе өзі шешім қабылдайтын кейіпкер.
Су жаңа жобада сондай-ақ ғаламтор жұлдызы Терри Тима да басты рөлдердің бірін сомдайды.
Terri Tima, блогер, актер:
– Фильмге түсіп, оқырманым алдымда өзімді жаңа қырымнан көрсете аламын. Кино деген кішігірім вайн сияқты емес. Сондықтан, барымды салып, кейіпкерімді барынша дұрыс көрсеткім келеді.
Суперагент келіннің шытырманға толы хикаясы қазан айының 29-нан бастап үлкен экрандарға жол тартады деп жоспарлануда.