Карантинге қарамастан, бір басын екеу етіп, отау құрған өнер өкілдері де жетерлік! Тіпті, олардың арасында екінші жартысын дәл осы уақытта жолықтырғандар да бар. Ал, төтенше жағдайға қарамастан, бақытты бола білген танымалдар кімдер?
Қазақ шоу-бизнесінің нағыз сүрбойдағы Кенталдан бүгінгі күнге дейін «қашан үйленесің?» деп сұраушылар көп еді. Алайда, отыз үшке келген ол, отау құруға карантин кезін қолайлы уақыт санаған-ды. Әнші өзінен 14 жас кіші арумен некелесіп, таңқалдырды. Серінің сүйіктісі – Милана есімді түріктің сұлуы.
Кентал, әнші:
-Иә, бұл менің сүйіктім. Менің жаным, күнім. Менің сұлуым.
Карантин Мөлдір Әуелбекова үшін де жағымды жаңалығымен есте қалмақ! Әнші екінші жартысын жолықтырып, тұрмысқа шықты. Тіпті жолдасының талабымен «орамалды Мөлдір» атанды.
Әуелбекова сынды карантинде екінші жартысын жолықтырғандар қатарында Алтынай Жорабаева да бар. Әншінің таңдауы келінінің туыс ағасына түскен. Өнер иесі бүгінде төрт қызына әкелік қамқор көрсетіп жүрген жанмен бақытты екенін айтады.
Актриса Дарья Александрова да біраздан бері азаматтық некеде тұрып келген еді. Бикеш төтенше жағдай кезінде ғана заңды түрде некелесуге шешім қабылдаған. «Аузы күйген үрлеп ішеді» деп, екінші рет қалыңдық атануға асықпаған актрисаның ойын карантиндегі бақытты күндері өзгертіпті.
Дарья Александрова, актриса:
- Негізі жүкті екенімді білгенге дейін сүйіктім «маған тұрмысқа шығар ма едің?», - деп қана ойымды сұрады. Мені екінші рет тұрмысқа шығуға ниеті жоқ деп сескенген екен. Алайда жағымды жаңалық бүкіл жоспарды өзгертті.
Пандемияға дейін некелесіп, дүбірлі тойлары шегерілгендер де жетерлік. Олардың қатарында Тәуекел Мүсілім мен Махаббат Түктібаева, Жарқынай Ханайым мен Айдар Асылбеков, актер Олжас Алжанов та бар. Сүйіктісінен үйленуге ұсыныс алған экс-Кешюлік Балжан Бидаш та мерекелік басқосулар жасауға ресми түрде рұқсат берілгенін күтіп жүр.