Жер-жаһанды жайлаған коронавирустың кесірі әлемдік шоу-бизнес пен спорт саласына кесірін тигізбей қоймады! Мәселен, ауқымды шара - Токиода өткізілуі тиіс Жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылға ауыстырылды.
Қалтасынан қағылғандар қатарында сән әлемінің өкілдері де бар! Мәселен, Armani кезекті коллекциясы көрерменсіз, онлайн трансляция арқылы таныстырса, Gucci бренді 18-мамыр өтуі тиіс Сан-Францискодағы көрсетілімнен бас тартты. Кейіннен көптеген фэшн алпауыттар Gucci-дің тағдырын қайталап, тұтынушысыз қалған еді.
Cән әлемінде «Оскармер» пара-пар «MET Gala» шарасы да биыл болмады! Еске салсақ, костюм институтының балы 1974-ші жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келген еді. Әдетте, шараға шоу-бизнестің ығайы мен сығайы әсерлі образдарын көрсету үшін жиналатын.
20 жылдық тарихы бар Coachella фестивалі әнсүйер қауым үшін маңызды мерекеге айналғаны қашан! Әлемнің мықты музыканттары бас қосатын ауқымды шара сәуір айына жоспарланған-ды. Алайда, қауіпті індет үшін фестиваль білгісіз уақытқа ауыстырылды.
Коронавирустың кесірінен киносаласы да құрдымға кеткендей!
Warner Bros-тың «Бэтмен», «Шазам» және «Флэш» фильмдері көрермен назарына кейінірек ұсынылатыны мәлім болды. Ал Universal Pictures-тың «Өлетін уақыт емес» атты шпиондық лентасы жарық көруіне санаулы күн қалғанда, премьерадан бас тартты.
Марвел «Морбиус» картинасымен көрерменді таңқалтуы тиіс еді. Джаред Лето рөліндегі суперқаһарман туралы хикая енді тек 2021 жылы халықпен қауышпақ!
Көрерменнің көңілін күпті еткен бұл ғана емес! Әлемнің әр елінің кіл мықты киногерлерін жинайтын Канн фестивалі биыл да шымылдығын түруі тиіс еді. Алайда, пандемия кесірінен жетпіс жылдық тарихы бар халықаралық шара өткізілмеді. Енді сайыс тек келесі жылы ұйымдастырылмақ.