Мұхиттың арғы жағын бағындарған дарындарымыз жетерлік. Солардың бірі – Димаш Құдайберген. Америка халқын орнынан тік тұрғызып, қол соқтырған Димаш, өткен жылы Нью-Йорктағы «Barclays Center»-ді толтырған еді. Билеттер санаулы күнде өтіп кетіп, залда ине шаншар орын қалмаған-ды. Құдайберген-тегі өнер көрсеткен стадионда: Jay-Z, Бейонсе, Мадонна, Рианна, Пол Маккартни секілді танымалдар да ән салған.
Ал Димаштың жетістіктеріне отандық әріптестері әрдайым тақым қысып отыратынын айтады.
Дастан Оразбеков, әнші:
- Біздің қазақтың маңдайына біткен беделді, дарынды азаматтардың бірі деп ойлаймын. Және де әбір жетістігін естіген сайын қуанып отырамын.
Мөлдір Әуелбекова, әнші:
- Мойындағысы келмеген адамдар болды. Димаш енді Алла ұлық қой дәлелдеді. Сабырлықпен үндемей жүріп-ақ барлығын өз орнына қойды ғой.
Америка асып, алаштың атын асқақтатып жүрген тағы бір Димаш бар.
Полиция қызметкері болып еңбек ететін – Димаш Ниязов «үздік боксшы», «үздік құқық қорғау қызметкері» атақтарынан бөлек, жақында әлемдік бокс кеңесі, «WBC» ұжымы атынан “Hero of the World award” яғни, «Әлем батыры» атағын алған болатын. Ниязовтың Нью-Йорк тұрғындары арасында беделі биік.
Америкада үлкен сұранысқа ие режиссерлардың бірі – Айсұлтан Сейітов те қазақтың баласы. Travis Scott, Migos, Young Thug, Offset сынды әлемге әйгілі рэперлердің клиптерін түсіріп берген ол, алғаш рет Moldanazar-дың «Жаным сол» жұмысы арқылы танылған болатын. Кейіннен: Jah Khalib, Элджей, Скриптонит секілді әншілермен шығармашылық байланысын бастады.
Күллі әлемге ауыр жұдырығы арқылы атағы шыққан Геннадий Головкин, әр жекпе жегінде туған жері – Майқұдықтың атын ататады. Бұл өзі өскен өлкеге деген құрмет. АҚШ халқының ыстық ықыласына бөленген боксшы бүгінде Лос-Анджелеске қоныс аударған.
Өнер, спорттан бөлек, еліміздің атын сән әлемінде де шығарып жүрген сұлулар жетерлік. Соның бірі – Алена Субботина. Алена подиумдағы мәнсабын бірден «Givenchy» брендінен бастаған. Кейіннен: Armani, David Koma, Fendi сынды алпауыт компаниялардан ұсыныс алған.
Алена Субботина, сәнбике:
- Үнемі жаңашылдық іздеп жүремін. Бір орында тоқтап қалудан қорқамын. Жетістіктеріме осы қасиетім себеп болып жатқан шығар.
Алена сынды сән жолында Қазақстанды танытып жүрген – Ақерке Ысқақова бар. Ақерке үш жылдан бері АҚШ-та тұрады. Ол: Miss Nation Universe 2020, Miss Asia USA, халықаралық Golden 1000 бизнес-премиясының жеңімпазы.
Отандық киноларымыз да АҚШ-ты бағындыруда! Мәселен жақында ғана тарихи туынды «Томиристы», Америкалық «Arclight films» және «Well Go USA» компаниясы сатып алған. Бұл жайында режиссер Ақан Сатаев және продюсер Гаухар Нұртас мәлімдеген.