Дильназ Ахмадиева ана атанғалы алғаш рет ашылып сұқбат берді. Бүлдіршіні кішкентай болса да, өнер иесі бүгінде белсенді. Әншінің шығармашылығына қатысты ендігі жоспары қандай? Ал бала күтімінен шаршаған ол, салмақ тастағаны рас па?
Тұңғышының дүниеге келгеніне небәрі 3 ай өтсе де, Дильназ Ахмадиева қатты салмақ тастап үлгерген. Онысын әнші карантин уақытында бала күтушісін жалдай алмай, қиналғанымен түсіндірді.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
- Карантинде бала күтімімен жалғыз өзім айналыстым. Күтуші болмады. Уақытылы тамақ ішпей, ұйқы қанбай қиналдым. Тәулігіне 12 сағат ұйықтап үйренген маған, 2 сағаттық ұйқы тым аз болды.
Сондықтан да Дильназ бен жары Азильхан өздеріне арнайы кесте қойып алған. Күндіз анасы қараса, түнде Зейданның күтімімен әкесі айналысады.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
- Күтуші жоқ кездері осылай өзімізге ыңғайлы уақытты бөліп алдық. Қазір күтушім бар.
Кішкентай Зейдан әкесінің аузынан түсіп қалған дейді әншінің өзі. Алайда мінезі мен ашық-жарқын күлкісі анасына тартқан.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
– Ұлым вообще копия, әкесінен аумайды вообще. 2018 жылы жолдасымның бала кездегі суретін салып, осындай сәби сүйгім келеді деп жазып едім. Міне, дәл сондай бала туылды. Енді қазір бар все равно, мінезі ақырындап шығып жатыр. Маған ұқсайтын сияқты. Үш айда болса да, дауыстап күледі. Тісі шығып келеді. Мені онысы аздап шошытады.
Ал Ахмадиева ана атанғанда әлдиіне айтар бесік жырын білмей қатты ұялған көрінеді.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
-Соншама жыл әнші бола тұра бірде бір бесік жырын білмейді екенмін. Кейін есіме түсіріп, ойдан шығарып та әндеттім. Жақсы ұйықтағанына қарағанда, ойдан шыққандары ұнаған сияқты.
39 жасында сәби сүйген өнер иесі қазір бақыттан бал-бұл жайнап жүр. Өнер иесі бір баламен шектеліп қалмауға ниетті.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
- Өзімді байсалды анамын деп ойлаймын. 39 жасымда босанғандықтан болар, балаға деген жауапкершілікті сезінеді екенсің.
Әзірге Дильназдың жанкүйерлері Зейданның жүзін көре алмасы анық. «Қырыққа таяғанда Алладан тілеп алғаныма тіл-көз тиеді»,- деп қорқады әнші.
Дильназ Ахмадиева, әнші:
- Тіл-көзді қоя бергеннің өзінде, адамдардың энергетикасы әсер ететініне сенемін. Сосын жолдасым да әзірге жүзін көрсетуге қарсы.