Әлемге әйгілі «Forbes» журналы әдеттегідей, ең бай жұлдыздардың тізімін түзді! Басылым биыл қалтасын қалыңдатып, көп қаржыға кенелген танымал тұлғаларды анықтады.
«Forbes»-тың пайымынша, ауқаттылар көшін Кайли Дженнер бастап отыр. Сәнбике бір жылдың ішінде 590 млн доллар пайдаға кенелген. Сылқымның дәулетті атануына, оның жеке косметика бренді сеп болған. Еске салсақ, былтыр Кардашьян өкілі «Forbes»-ке табысы жайлы жалған ақпарат беріп, басы дауға қалған еді. Десе де, соған қарамастан Кайли бүгінде ең бай.
Ал өнер өкілдері арасынан Ариана Гранде 72 млн доллар кірісімен тізімде он жетінші. Әнші тіпті 2019-шы жылы «ең бай жұлдыздар» көшін бастаған Тейлор Свифтті басып озған. Тейлор биыл 63 млн доллар қаржымен 25-ші орынға түсіп қалған.
Билли Айлиш болса, «Forbes»-тағы ең жас жұлдыз атанды! Әндерімен әлемді аузына қаратқан өнерпаз бір жылда 53 млн доллар табыс тапқан. Осылайша 43-ші орынға жайғасқан Билли, Ким Кардашьян мен Рианнаның өзін шаң қаптырып отыр.
Кино әлемінің жарық жұлдыздары да «Forbes» тізімінде. Жылдың ең табысты актеры ретінде Дуэйн Джонсон топ жарды. Өнер өкілінің дүние мүлкі 87 млн долларға бағаланып отыр. «Дәулеттілер» арасына сондай-ақ, 71 млн доллармен Райан Рейнолдьс та енген. Одан өзге Бен Аффлек, Вин Дизель мен Уилл Смит те «ең ауқатты» атанды.