Карантиннен жалыққан жұлдыздар талаптың жеңілдетіліп, қалаға шығуға мүмкіндік алғанына дән риза. Бірі тауға асықса, қалғандары сұлулық салонында сағаттап уақыт өткізуде. Алайда Әнел Әрінова дәл сондай әріптестерін сынап тастады. Тіпті ол салон үшін төтенше жағдай тоқтатылғанын тосуды ақымақтыққа балады.
Иә, Әнел Арынова карантин жеңілдетілген бойда сұлулық салондарының табалдырығын тоздырған әріптестеріне шүйлікті. Әншінің пікірінше, әрбір ару өзіне күтімді үй жағдайында жасай алуы тиіс.
Әнел Арынова, әнші:
- Жоқ, бұл мен үшін барып тұрған ақымақтық. Меніңше, әрбір әйел өзі боянып, қол-аяқ, тырнағының күтімін өзі жасай алу керек. Қыз бала оның бәрін кішкентайынан білу керек. Әр ана гигиена сақтауды өз қызына үйретуі тиіс.
Сондықтан да, Арынова төтенше жағдай біте сала, ең бірінші салонға емес, ата-анасының үйіне баруды жөн көрген. «Карантин жақындарымыздың қадірін біліп, бағалауды үйретті»,- дейді ол.
Әнел Аринова, әнші:
- Ең бірінші мен ата-анамның үйіне бардым. Шыны керек, бұл сәтті ұзақ күттім. Карантин басталмайынша, оларға жиі барып тұрушы едім.
Әнел сынды экс-Алаулық Әсет Арыстанбек те ет жақындарын көруге асық. Әнші туған жеріне аттану үшін қала сыртын қоршаған блокпостардың тұсау болып тұрғанын айтады.
Әсет Арыстанбек, әнші:
- Блокпосттарды ашса екен деп жатырмыз. Ауылыма барғым келіп жатыр, шыны керек. Карантин ашылғалы бірінші сьемка. Бәрі бұрынғыдай болса екен деп армандаймын, бірақ бұрынғыдай болмайды, алдыға қарай жылжу керек.
«Амуаж» тобының әншісі Анастасия Клещенко да, карантиннің барды бағалауға үйреткеніне сенімді. Қос қызының қасында болған ол, төтенше жағдай тоқтатылса да, ешқайда шығуға құлық танытпаған.
Анастасия Клещенко, «AMOUAGE» тобының әншісі:
- Осы уақыттың ішінде отбасымен, балаларыммен өткізген әр сәтті бағалау керектігін түсіндім. Карантинге дейін ештеңеге үлгермей, үнемі асығып жүретін едім, қазір тәртіп орнатылды. Өзіме жақсы режим қалыптастырып алдым.